Ал Талдықорғандағы әріптесім Қуаныш Қанатұлы мереке қарсаңында өңірдегі болашақ әскерилер отбасымен тілдесіп келді. Талдықорған әскери гарнизоны құрамында 10-ға жуық әскери бөлім бар болса, Отан қорғап жүріп отау тіккен әскерилер де аз емес. Солардың қатарында аға лейтенант Тимур Темірқұл мен ефрейтор Альбина Жұмеке де бар. 18/404 әскери бөлімінде танысып, шаңырақ көтергелі жатқан бұл жұп десанттық-шабуылдаушы бригадасының медициналық ротасында қызмет етеді.
Аға лейтенант Тимур Темірқұл Әулиетадағы әскерилердің әулетінен шыққан офицер. Тимурдың атасы да, әкесі мен анасы да, әскери қызметте болған. Дәстүрді бұзбай өзі де медициналық колледж бен әскери институт тамамдапты. Лейтенант шенін алып, жолдамамен үш жыл бұрын десантшы-шабуылдаушылар бригадасына келді.
Тимур әскери қызметтегі абыройлы міндетін атқарып жүріп, жаңадан жұмысқа келген жас маманмен көңіл жарастырады. Темірдей тәртіппен жүрген офицердің жүрегін бойжеткен бойындағы өзіне тән ерекше қасиеттерімен жаулап алды, дейді командир.
Тимур Темірқұл, медициналық рота командирі:
Жұмысқа деген өте жоғары жауапкершілігі болды. Қойылған тапсырмаларды бұлжытпай орындады. Жүрегіндегі имандылығы менің де жүрегімді жаулап алды.
Альбина Талдықорған жоғары медициналық колледжінің түлегі. Екі жыл жедел жәрдем қызметінде фельдшер болып, тәжірбие жинап, әскери бөлімге ауысқан. Өмірлік серігін осы жерден кездестірем деп ойлаған да жоқ.
Альбина Жұмеке, медбике:
КПП-ға дейін біз қыз бен жігіт болып келіп, КПП табалдырығын аттағаннан кейін жұмыс орнында біз тек әріптес ретінде ғана жұмысымызды жасаймыз. Ол кісі менің командирім, бұйрық, тапсырмалар береді. Мен соны жауапкершілікпен бұлжытпай орындаймын.
18404 әскери бөлімінде 1,5 мыңға жуық офицер мен жауынгер қызмет етеді. Ал мұндағы қызметкерлердің 15-20 пайызы ерлі-зайыптылар екен.
Қуаныш Қанатұлы