Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара саудада оң динамика байқалады. Бұл жайында екі елдің премьер-министрлерінің кездесуінде белгілі болды. Әлихан Смайылов пен Абдулла Арипов, Ташкентте өтіп жатқан екіжақты ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның 20-шы отырысы қарсаңында өзара келіссөз жүргізді. Тараптар қазақ-өзбек арасындағы әртүрлі саладағы бірлескен қадамдарды талқылады. Әлихан Смайылов Өзбекстан-еліміздің сауда саласындағы ірі серіктестерінің бірі екеніне тоқталды. Былтыр екіжақты тауар айналымы жоспарланған 5 млрд долларға жеткен.
Әлихан Смайылов Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі:
Бұл ортақ күш-жігердің арқасында мүмкін болып отыр. Енді алға қойылған жоғары деңгейдегі міндеттерге сәйкес орта мерзімді перспективада өзара тауар айналымының көлемін $10 млрд-қа дейін ұлғайту керек.
Абдулла Арипов, Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі:
Өзара саудада оң динамика байқалады. Экономиканың көптеген саласында өнеркәсіп кооперациясының маңызды жобалары іске асып жатыр. Өзбекстан ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті. Жалпы біз бауырлас Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасты одан әрі тереңдетуге мүдделіміз.
Азамат Бейбітұлы