Петропавлда 800-ге жуық отбасы жаңа пәтерлерге қоныстана алмай жүр. Өйткені көпқабатты баспаналар жарық, жылу, су және кәріз жүйесіне қосылмаған. Жаңа үйлердің басым көпшілігі мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған. Салдарынан тұрғындар баспана жалдап, ипотека төлеуге мәжбүр. Тұрғындар былтырдан бері осы сауалдарды қалалық әкімдік өкілдеріне жолдаумен келеді. «Сөз жүзінде жауап бар, ал іс жүзінде әрекет жоқ» дейді көпшілік. Анар Тілеубергенова баспана кезегін 8 жыл күткен. «Отбасы банк» арқылы пәтерге ие болатынын естігенде қатты қуанғанын айтады. Арада жыл өтсе де бала-шағасымен пәтер жалдап жүр.
Анар Тілеубергенова, қала тұрғыны:
Қыстыгүні үй жылусыз болды. Қабырғалар опырылды. Барлығын өз ақшамызға қайта жөндеу керек боп тұр.
Уәлиханов көшесінде қаз-қатар тізілген мына баспаналардың құрылысы былтыр аяқталған. Инженерлік желілерді тарту жұмысы орта жолға келіп, тоқтап тұр. Үйлердің маңы абаттандырылмаған.
Сергей Тимофеев, құрылыс компаниясының директоры:
Мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлердің қатарында 2 жылдан бері бос тұрғандары бар. Біз құрылысты аяқтап, нысандарды қалалық әкімдікке тапсырдық. Алайда әлі күнге өз есебімізден күзет жалдауға мәжбүрміз. Жылусыз тұрған үйлер бүлініп жатыр. Оны да өз қаражатымызға жөндейміз.
Жаңа үйлерге байланыс тартуға республикалық қазынадан бөлінген қаржы дер кезінде түспеген. Сол аралықта құрылыс материалдары қымбаттап, жобалық-сметалық құжаттарға өзгеріс енгізілген.
Әділбек Әубәкіров, қала әкімінің орынбасары:
Құрылыс материалдарының қымбаттауынан жұмыс созбалаңға салынды. Нысандарды тапсыру мерзімі өтіп кетіп, мердігерлерге қосымша уақыт берілді. Бүгінгі күні жұмыстың негізгі бөлігі орындалды.
Облыс орталығында осындай оннан астам үй бар. Әкімдік өкілдері мамыр, маусым айларында инженерлік желілерді іске қосып, абаттандыру жұмыстарын аяқтауға уәде беріп отыр. Жоспар жүзеге асса, тұрғындар шілде айына да жаңа пәтерлеріне қоныстанбақ.
Эльмира Кәленова