Қызылордалықтар Қазақстан халқының бірлігі күнін ерекше атап өтті. Сыр ана монументінің алаңында ұйымдастырылған думанды шарада түрлі этнос өкілдері өз өнерлерін паш етіп, достық туын желбіретті.
Бүгінде аймақта 30-дан аса этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, өңірдің дамуына өз үлестерін қосып келеді. Бірлігі мен тірлігі жарасқан сырбойылықтар бұл ретте көпке үлгі. Өңірдегі 11 ұлттық мәдени орталық халықтар достығын ұйыстырып, игі істердің бастамашысына айналған. Бірлік күнін елмен бірге тойлаған облыс басшысы жұртшылықты ынтымақ тойымен құттықтап, ізгі лебізін білдірді.
Нұрлыбек Нәлібаев, Облыс әкімі:
Бірлік қашаннан қасиетті сөз, қастерлі ұғым. «Берекені көктен тілеме, бірлігі мол көптен тіле» дейді дана халқымыз. Бұл ынтымағы тұрмысына ырыс, татулығы бірлігіне тыныс берген біртұтас еліміздің маңызы мол мейрамы.
Сыр ана монументі алаңында өткен думанды шараның мән-маңызы зор болды. Кезінде тағдырдың тәлкегімен жер ауып келген түрлі ұлт өкілдері Сыр бойынан пана тауып, осы жерде өніп-өсті. Бүгінде олардың туған жерге, Отанға деген сүйіспеншілігі мен қазақ тіліне деген құрметі бірлік мерекесінде ерекше көрініс тапты.
Елена Пак, Облыстық Корей этномәдени бірлестігінің мүшесі:
Қазақстан үшін бұл мерекенің маңыздылығы өте зор деп білемін. Өйткені Қазақстанда көптеген этнос өкілдері өмір сүруде. Бір шаңырақтың астында бір сүргендіктен бұл мерекенің маңыздылығы әрине жоғары.
Сондай-ақ түрлі этнос өкілдері бұл күні ұлттық тағамдарын әзірлеп, ұлттық киім мен қолөнер бұйымдарының көрмесін қойды. Мерейлі мереке концерттік бағдарламаға ұласып, патриоттық әндер шырқалды.
Әділбек Серікұлы