Қаралы қаңтардың негізгі ұйымдастырушысы ретінде істі болған Кәрім Мәсімовтың 18 жылға сотталғанын да осы апта бәрі талқылады. Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы және оның орынбасарларына қатысты қылмыстық іс бойынша үкімін жария етті. Мәсімовке мемлекетке опасыздық жасау, билікті күшпен басып алу, билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану айыбы тағылған. Үкімге сай, Мәсімов 18 жылға, Садықұлов - 16 жылға, Ерғожин - 15, ал Өсіпов 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазымға да рұқсат жоқ. Генерал шені мен мемлекеттік наградаларынан айырылады. Олардан мемлекет кірісіне 10 млрд теңгеден астам қаржы және 24 млн АҚШ доллары өндіріп алынды.
Қоғамдағы негізгі сұрақ «осымен қаңтар оқиғасы бойынша нүкте қойылды» деп айта аламыз ба? Мәжіліс депутаты Никита Шаталов телеграм арнасында Мәсімовке шыққан үкім бойынша пікірін жазыпты. Оның ойынша, бұл жаза әділ әрі мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттің басында бұрынғы ҰҚК төрағасы тұрғанына және оның сатқын екеніне күмән келтірмейді. «Бүгінгі үкім мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекет бойынша тергеу ісіне нүкте қояды. ҰҚК бұрынғы басшысының басқа барлық достары үшін сабақ болуы тиіс«»,-деп түйіндейді Никита Шаталов. Дегенмен, Прокуратура қаңтар оқиғасы бойынша тергеу жұмыстары әлі аяқталмағанын мәлімдеген еді.