1 мамыр – Бірлік күні жақындағанда Қазақстанда ұлттар арасындағы татулық тақырыбы жыл сайын көтеріледі. Әсіресе6 соңғы уақытта бұл өте өзекті бәріміз көріп отырмыз. Тағы сол ушыққан геосаяси ахуалды меңзеуге тура келеді. Президент қатысқан Қазақстан халқы Ассамблеясының 32-ші сессиясында этносаясат мәселелері көп айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев «этносаралық қатынас мәселесін заман талабына сай реттеу керек. Бұл жұмыс ауқымды реформалармен үндес болуға тиіс. Бұған немқұрайлы қарауға болмайды, этносаралық саясат айрықша назар аударып, ұдайы жетілдіріп отыруды қажет етеді»,-деді.
Жер бетінде қақтығыс көп. Геосаяси ахуал ушығып барады, жаһанда дүрбелең басылмай тұр. Көп этнос түгілі, ішінара бір-бірімен қырықпышақ елдер бар. Ал адамзаттың қазіргі аңсары – тыныштық. Қазақстан – көп этносты ұйытып отырған қара шаңырақ. Бірақ, осы шаңырақтың шырқын бұзғысы келетіндер жоқ емес. Бір-бірінің қолтығына су бүркіп, іріткі салып отырған сепаристер бой көрсетіп жүр. Соңғы кездері шындыққа жанаспайтын, деструктивті жарияланымдар жиіледі. Оның қаупі жоғары екенін бәрі біледі. Біле тұра бірлікті емес, бүлікті көздеп жүргендер жетеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ондай жарияланымдардың басым көпшілігінде авторлардың Қазақстанмен еш қатысы жоқ. Шетелден әрекет ете отырып, қоғам арасында жанжал тұқымын себуге тырысады. Олардың риторикасы мен әрекеттері сенімсіздік атмосферасын қалыптастыруға, адамдар арасындағы алауыздықты қоздыруға, мемлекеттік қауіпсіздікті бұзуға бағытталған.
Президент сепаратизмнің кез-келген белгілеріне тұтас халық болып қарсы тұру керек екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз бірлігімізді күн сайын нығайтып отыруымыз қажет. Яғни, татулық пен келісім халқымыздың өмір салтына айналуға тиіс. Әйтпесе, елдікті сақтап қалуымыз өте қиын болады. Жақсы тілек айту – халқымыздың қанына сіңген қасиет. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп бекер айтылмаған. Мен барша отандасымызды еліміздің береке-бірлігін бағалай білуге шақырамын. Шын мәнінде, ел бірлігін нығайту үшін қызмет ету – ең жауапты әрі сауапты іс.
Бірақ, елді сүю, қорғау түсінігін басқа мүддемен араластырмау керек. Өйткені, жер бетіндегі қақтығыстар мен соғыстардың дені ұлттық тәкәппарлық пен менсінбеушіліктен. Мемлекет басшысы осыны айтып, шынайы патриоттық ұстанымды ұлтжанды болып көрінумен шатастырмау керегін ескертті. Этноәлеуметтік шиеленісті тудыратын себептерді жоюды да тапсырды. Өйткені, аймақтық ерекшеліктер мен басқа факторлар әлі де бар. Осыған жіті назар аудару керектігін айтты. Әсіресе шалғайдағы ағайындар арасында ақпараттық жұмыс аса қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Әрбір азамат өз болашағын Қазақстанмен тығыз байланыстыруы керек. Сонда ғана халқымыз біртұтас ел болып тұра алады. Ешкімді ұлтына, тіліне, дініне қарап кемсітуге болмайды. Қоғамда мұндай ұстанымға сай бөлектенуге жол берілмейді. Әрқайсымыз Қазақстан атты қара шаңырақтың перзентіміз. Бәріміз бір бауырлас азаматтармыз.
Ал қазақ тілі ғылыми прогресс пен білімнің озық жетістіктеріне жол ашатын құралға айналуы керек. Президент мұны бүкіл қоғам болып шешетін тарихи міндет деді. Әрі тілге қатысты пікірталас этникалық емес, азаматтық, саяси сипатқа ие екенін түсіну керегін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мемлекеттік тілді, әсіресе ана тілін, яғни қазақ тілін білу – қандай да бір азаматтың мәдени өресі, азаматтық жауапкершілігі қаншалықты биік екенін білдіреді. Сондай-ақ қаншалықты патриот екенін көрсетеді. Жалпы, мемлекеттік тіл төңірегінде оң көзқарас ұстану қажет.
Бұл жұмыстардың басы-қасында Ассамблея жүру керек. Өйткені, оларға артылған міндет көп. Оның үстіне Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблея қызметін біртіндеп ұлттық ықпалдастық институтына айналдыру керегін айтып, Үкіметке тиісті тапсырма берді.
Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бұл идеялар енді алдағы уақытта Ұлттық құрылтайдың деңгейінде талқыланатын болады. Сол жерде бәлкім нақты пайымдалып, нақты бір тұжырымдамаға, нақты қорытындыға келетін шығармыз. Бірақ бүгіннен бастап қоғамдық талқы, сапалы қоғамдық талқылар қажет.
Ассамблея сыннан көз ашпай келе жатқан ұйым. Жұмысына қатысты кереғар пікір көп. Кемшілік кеткенін өздері де мойындайды.
Орал Шәріпбаев, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті:
Біздің ассамблеяның кемшіліктері бар. Баратын жерге бара алмадық, айтатын жерде айта алмадық. Оған саяси күштердің әсері болғанын біз білеміз. Бірақ жүрек сөйлеуі керек. Ең бастысы сана тазаруы керек. Мың жерден Ассамблея көп болсақ та, жүрегіміз таза болмаса Қазақстанды сақтай алмаймыз.
Ассамблея керек емес деп жүргендерге Президент осы жолы жауап берді. Түптеп келгенде Ассамблея - ұлтты ұйыстырып отырған ұйым, мемлекет іргесін бекітіп тұрған басты институт деді. Сондықтан күмәнді пікірлер қисынсыз деп, бірлікті нығайту бағытындағы жұмысты жалғастыруды тапсырды
Асима Нұрбайқызы, тілші:
Жаһанда 5 мыңнан аса ұлт тұрады. Бірақ, соның 270-ке жуығының ғана мемлекеті бар. Ал, Қазақстан алуан этностың басын біріктірген қара шаңырақ. Бұл бірегейліктің белгісі - көк паспорт. Жікшілдік емес, көпшілдіктің төлқұжаты. Сондықтан әлем тіліне, ділі мен дініне қарамай қазақ деп таниды. Демек, бағалай білмесе бақ тұрмайды, қуана білмесе құт қонбайды. Мұны бәрі түсінуі тиіс. Президенттің көп ұлтты Қазақстан халқына осыны меңзегендей.