Петропавлдық оқушылар зағип жандарға арналған білезік жасап шығарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петропавлдық оқушылар зағип жандарға арналған білезік жасап шығарды

29.04.2023

Петропавлдық мектеп оқушылары зағип жандарға арналған білезік жасап шығарды. Шағын ғана қондырғы алдағы кедергіні анықтауға көмектеседі. Яғни мүмкіндігі шектеулі жандардың кез-келген ортада қауіпсіз қозғалысызын қамтамасыз етеді. Жас өнертапқыштармен әріптесім Эльмира Кәленова кездесіп қайтты.

Ұлан Төлетаевтің көз жанарынан айрылғанына 20 жылға жуықтаған. Өзгенің көмегінсіз көшеде жүре алмайды. Ол бүгін оқушылар жасап шығарған білезікті сынап көрді.

Шағын ғана құрылғы 70 сантиметр қашықтықтағы кедергіні анықтап, дыбыстық белгі береді. Адам нысанға жақындаған сайын, сигнал үдей түседі.

Ұлан Төлетаев, қала тұрғыны:

Өнертабыс маған өте ұнады. Мектеп оқушылары үшін үлкен жетістік деп ойлаймын. Тек жетілдіру қажет. Бүгін өз ұсыныстарымды жеткіздім. Жоба авторлары келісетінін айтты. Құрылғыны таяққа бекітілетіндей етіп жасаған дұрыс. Сонда адамның екінші қолы бос болады.

Қазақстанда көз жанарынан айрылған 90 мыңға жуық адам тіркелген. Жоба авторлары олардың өмірін зерттей келе, осындай білезік ойлап табуды ұйғарыпты.

Жұлдыз Ағиярова, оқушы:

Біздің жобаның мақсаты – қаупсіз және қолжетімді құрылғы жасау. Оның көмегімен зағип жандар далада өздері жүре алады.

Білезік ультрадыбыстық сәуле шашып, қайта қабылдау арқылы жұмыс істейді. Осылайша адамның жанындағы заттың қаншалықты жақын тұрғанын анықтайды.

Дарина Елпанова, оқушы:

Құрылғының ішкі бөлігі ультрадыбыстық сенсордан, ардуинадан, батареядан тұрады. Болашақта біз GPS-ті қолданамыз және кнопка , SOS жасаймыз.

Қандай да бір жағдай туындай қалса, SOS батырмасы өзгелерді көмекке шақыруға жәрдемдеседі. Ал GPS адамның қай жерде екенін тез анықтауға мүмкіндік береді.

Эльмира Каленова


Хабарламаларға жазылу