Мобилография деген мамандық бар. Кеңсесі жоқ, бар құралы – смартфон. Әлеуметтік желінің рөлі арта түскелі технологияның трендтеріне де көңіл бөлініп жатыр.
Ақмаржан Ғафизқызы, тілші:
Мобилография - бұл суретті сөйлету өнері. Құралы – ұялы телефон. Медиа үшін мобилография смартфон арқылы түрлі динамикалық кадрлар мен сәнді фотоларды тым қысқа уақытта түсіріп, оңай монтаждап, контент жасау. Ал нарықтағы алпауыт бизнес өкілдері үшін өнім шығыны көп продакшн жалдамай, аз бюджетпен сатуға арналған құрал.
Иә, мобилография жаңа ұғым. Елге қолданысқа енгеніне 5-6 жыл болды. Икемділер осы кәсіпті игеріп кетті. Әмина сондай жеткіншек. Мектеп оқушысы қолы босай қалса фотосессиядан backstage, love story сияқты түрлі мерекелік шаралар түсіреді. Бастапқыда жәй фото-видеоға әуестенген. Кейін ширап, қаржы тауып, ата-анасына көмегін тигізіп жүр.
Әмина Аманкелді, оқушы, мобилограф:
Маған мотивация болған ата-анама қаржы жағынан көмектесу. Әуелі онлайн курс алып, кейін практика жүзінде ағаммен бірге үйрендім. Әуелі 15 секундтық қысқа видеоларға тапсырыс түсе бастады. Өз жұмысымды сата бастадым. Сатып алу арқылы, кейін олар менің басқа да шараларына шақыра бастады. Алғашқы табысым 5 мың теңге болды. Қазіргі таңда сұранысқа байланысты, сапаға байланысты 5 мыңнан 20 мыңға өсті. Айлық табысым 200 мың теңге.
Мобильді кесте жасау да керек өнер. Бұған қаржы мен уақыт аз кетеді.Алайда, шетелде бұл саланың қыр-сырын жетік меңгергендер аз. Қазір ұсыныс біздің қазақ балаларына түсіп жатыр. Маманның айтуынша бұл үлкен мүмкіндік. Ұсыныс көбейсе, елдің туризм саласына бұл үлкен жарнама.
Қыран Талапбек, мобилограф:
Бір видеомызға әрдайым бір көліктің ақшасын береді. Бізге тапсырыс берген соң, Америкаға кел Хьюстонда түсіресің деп айтады. Мен айтам жоқ, бізде Бозжыра бар, сол жерге барып түсірейікші деймін. Мен қорғаймын, көрсетемін біздің елді басқалары көрсінші деп. Өйткені ол видеоны 12 млн адам көреді.
Мобилография – заманауи мамандық. Үйрену үшін талмай талаптанса жеткілікті. Бүгінде елде 100 мыңға жуық адам мобилография курсын сатып алған. Қазақстан – ІТ саласында тез дамып келеді. Тың технологияның тілін білетін жастарды жаһан танып жатыр.
Ақмаржан Ғафизқызы