Ақтөбеде тұрғындар басқа көпқабатты үйге көшірілді
Ақтөбеде апатты жағдайда тұрған төрт қабатты екі үйдің тұрғындары шағым айтты. Баспаналарының іргетасы жарылып, үгітіліп жатыр. Тіпті, қабырғаларда да сызаттар пайда болған. Сондықтан әкімдік 38 отбасыны уақытша басқа баспанаға көшірген еді. Алайда бұл тұрғындар «Бізге уақытша емес, түбегейлі басқа пәтер берілсін» деген талап қойып отыр.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Біз төртқабатты үйдің жертөлесінде тұрмыз. Мына жарылған қабырғаларға қарап, шошымау мүмкін емес. Тұрғындар бұл үйлерге үш жыл бұрын ғана көшіп келген. Олар мұндай боларын білгенде пәтерлерді тегін берсе де алмас едік дейді.
Бұл екі үйдің құрылысына 400 миллион теңге жұмсалған. Тұрғындар үйдің сапасы көшіп келгендеріне көп болмай-ақ сыр бере бастағанын айтады. Ал былтырдан бері жертөледе жарықтар пайда болған. Тек сыртқы сылақтары емес, бетон бағаналарына дейін шытынап, ажырап жатыр.
Гүлбина Есенова, қала тұрғыны:
Жертөлеге кірген кезде мына күйді көріп шошындық. Сараптаманың да қажеті жоқ шығар, өздеріңіз де көріп, түсіріп тұрсыздар ғой. Жары мынау, төбесі опырылып тұр. Үйдің іші де сондай, кілең жарықшақтар. Өте қатты қорқамыз.
Тұрғындар бұған дейін өздері тұратын Есет батыр ауданындағы басқа көпқабатты үйге уақытша көшірілді. Әкімдік өкілдерінен оларға осы жаңа үйде қаласыңдар деген уәде болған. Бірақ енді ол уәде орындалмауы мүмкін дейді тұрғындар.
Ардақ Қожағұлова, қала тұрғыны:
Мен артық та сұрамаймын, кем де сұрамаймын. Сол жерде қанша шаршы метрде тұрдым, үш бөлмелі үйде тұрдым, сондай үш бөлмелі үй берілсін.
Апат алдында тұрған үйлерден тұрғындардың көбі дүние-мүліктерін толық алып кете қоймаған. Енді олар бұл пәтерлерге қайта-қайта келудің өзі қауіпті. Сондықтан қатар тұрған екі үйге қоршаулар қойылған. Күзет те бар. Ал тұрғындармен кездескен қала басшысы ешкім де далада қалмайды деді. Айтуынша, бұған дейін жасалған сараптама қорытындысы тараптарды қанағаттандырмай отыр. Сондықтан іске білікті мамандар кіріседі.
Мұрат Жөребеков, қала әкімі:
Ақша бөлеміз. Қаз ИИСА деген үлкен компания. Соларды алып, екі тапсырма береміз. Алғасын бірінші мынаны қайта тексеру керек. Үй апатты болды ма, әлде ол салынып бітіп мынандай күйге жетті ме біз оны білмейміз ғой. Дұрыстап қайта тексеріңіздер. Сосын себебін табу керек. Нақты себебі қандай? Оған бетон құйылды ма, әлде басқа материал ма мына жерде жазылып тұр. Апатты жағдайға бетон ба, әлде астындағы су себеп болып отыр ма? Неге бетон жарылып кеткен?
Тұрғындар сараптама қорытындысының қалай болатынына қарамастан біз бұл пәтерлерге қайтып келмейміз дейді. Әкімдік өкілдері олардың талап-тілектері барынша ескеріледі деп отыр. Тұрғындарға басқа үйлерден пәтер беріле ме, жоқ па ол алдағы уақытта шешіледі. Шаһар басшысы бұл жұмыстарды жеделдетуге уәде берді.
Жақсыбек Кемал
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
