Ассамблея: Қазақстан паспорты - ұлттық бірегейлігіміздің нышаны - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ассамблея: Қазақстан паспорты - ұлттық бірегейлігіміздің нышаны

28.04.2023

«Қазақстан Республикасының көк паспорты біздің ұлттық бірегейлігіміздің қарапайым, бірақ басты көрсеткіші болуы керек екеніне сенімдімін. Бұл құжат – біздің мемлекеттілігіміздің тірегіне айналған озық қағидаттардың нышаны». Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында осылай деген болатын. Ирина Хван Алматыда туып, өскен. Бельгияда 12 жылдан бері тұрады. Осында тұрмысқа шыққан, үш баласы бар.

Ирина Хван, Қазақстан азаматы:

Неге сіз әлі күнге дейін Қазақстанның азаматтығымен жүрсіз, не кедергі деп менен үнемі сұрайды. Бірақ еш кедергі жоқ. Менің жұбайым да, үш балам да Бельгия азаматы. Мен мұнда Қазақстан азаматы бола тұра еш шектеу көріп жатқан жоқпын. Керісінше, мүмкіндіктер бар. Мысалға, жыл сайын отбасыммен Қазақстанға барып тұрамыз.

Шапағат Әбдір осыдан 7 жыл бұрын Қытай азаматы болған. Атажұртқа оралып, көк паспортты алған сәті әлі есінде.

Шапағат Әбдір, Тараз қаласының тұрғыны:

Ең бір бақытты болған сәттеріміздің бірі ол құжатты қолымызға алып тұрған сәтіміз дер едім. Бірінші бетін ашсам, «Бұл паспорттың иесі Қазақстан Республикасының қорғауында болады» деп жазылған екен. Мені сол жазу қатты толқытты. Мен сол жазу өшіп кететін ұқсап, қайта-қайта телефонға, фотоға түсіре беріппін.

Ал Алуа Балқыбекова бокстан әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері, Азия чемпионы. Көк ту мен көк паспортты көрген шетелдіктер қазақ деп бірден танып жатады дейді.

Алуа Балқыбекова, Бокстан Азия чемпионы:

Біздің елді, Қазақстанды әлемнің барлық елінде жақсы біледі. Құрметтейді. Біз, спортшылар, осы көк паспортымызды мақтана көрсетеміз. Ешжерде, ешқандай шектеу жоқ. Біз де спортта жетістікке жетіп, еліміздің абыройын одан әрі асқақтатқымыз келеді.

Жалпы әлемдік құжаттар тек қана негізгі төрт түсті болады екен. Мысалға, ең көп таралған түс – қызыл. Мұндай құжаты бар елдер негізінен бұрын немесе қазір коммунистік елдер боп келеді. Ал көптеген мұсылман елдерінің паспорты жасыл түсті. Ең сирек таралған түс – қара. Аздаған Африка елдерінің құжаттарында ғана кездеседі.

Азамат Бейбітұлы, тілші:

Көп таралған түстің тағы бірі – көк. Бұл түс «жаңа әлем» деген мағынаны білдіреді. Мысалға, АҚШ азаматтарының паспорты 1976 жылы ғана көк түске ауысты. Қазақстанның да құжаты аспан түстес. Ал аспан – бәріне ортақ, теңдіктің белгісі.

Азамат Бейбітұлы


Хабарламаларға жазылу