Еуропада ажырасу көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропада ажырасу көбейді

28.04.2023

Еуропада дәстүрлі отбасы ұғымы келмеске кетіп барады. Еркіндікті қалайтын қарт құрлық тұрғындары соңғы 30 жылда заңды некеден гөрі, азаматтық некені таңдауға көшкен. Заңды некеде тұрғандар отбасын сақтап қалуға құлықсыз. Статистикаға сүйенсек, Еуропалық Одақ елдерінде былтыр 2 млн-ға жуық неке тіркеліп, 800 мың жұп ажырасқан. Демографтар отбасы институтының дағдарысына алаңдайды.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Еуропада үйлену оңай, ажырасу қиын. «Мінезіміз жараспады, бұдан былай бірге тұра алмаймыз», - дейтін ерлі-зайыптыларды сот бірден өз еркіне жібере салмайды. Ойлануға бір жыл уақыт береді. Қос тарап ортақ мәмілеге келіп, дау-дамайсыз қош айтысса жақсы. Әйтпесе, іс бірнеше жылға созылады және ерлі-зайыптылардың жүйкесімен бірге қалтасын да жұқартады.

2 мың еуродан басталатын адвокаттың қызметі істің қиындығына қарай өсе береді. Тағы бір кілтипан бар. Қарт құрлық елдерінде отбасының асыраушысы алиментті балаға да оның анасына да төлеуге міндетті. Бала 25 жасқа толғанша, әйел тұрақты жұмысқа орналасқанша алып отырады.

Паскаль Терифей, адвокат:

Асықпай 35-40 жаста отбасы құратын еуропалықтар заңды некеде ең көп дегенде 15 жыл тұрады. Ажырасуға ерлі-зайыптылардың опасыздығы, психологиялық, қаржылық проблемалар себеп. Оңай ажырасу үшін қазір бәрі заңды некеден гөрі азаматтық некеде тұрғанды жөн көреді.

«1940-жылдары Еуропада балалардың тек 4 пайызы ғана заңсыз некеден туса, бүгінде бұл көрсеткіш 70 пайыздан асты», - дейді әлеуметтанушы Пиветта Поль. 75 жастағы әжей зейнетте болса да әлі күнге әлеуметтік зерттеулерге қатысып, ақыл-кеңес берумен айналысып жүр.

Пиветта Поль, әлеуметтанушы:

Қазір қыздар некеден тыс немесе азаматтық некеде бала туса, соған қуанатын дәрежеге жеттік. Себебі, әйелдер мансап қуып, өзінің жар болу, бала сүю міндетін ұмытып барады. Еркектер әйелдің есебінен күн көруге намыстанбайды. Бұл нағыз қасірет.

Әлеуметтанушы 40 жыл отасқан жарының өмірден озғанына 10 жыл өтсе де қария неке сақинасын саусағынан шешпепті. «Өмірлік махаббат қана отбасы институтын сақтап қалады. Ал, отбасы жоғалса, ұлт та, мораль да жоғалады»-дейді көпті көрген әжей.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу