ҚХА ХХХІІ сессиясы: Президент Үкіметке бірқатар тапсырма берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ҚХА ХХХІІ сессиясы: Президент Үкіметке бірқатар тапсырма берді

27.04.2023

Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының 32-ші сессиясы өтті. Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Президент этносаралық қатынас мәселесін заман талабына сай реттеу керектігін, Ассамблеяның қызметін біртіндеп ұлттың ықпалдастық әлеуетін күшейтуге бағыттау қажеттігін және оның құрамы үнемі жаңартылып отыратынын айтты. «Сондай-ақ халқымыздың ынтымақ-бірлігі бұл – тағдырдың бере салған сыйы емес. Бұл – ең алдымен, жұртымыздың күнделікті табанды еңбегінің арқасы екенін дұрыс түсінуіміз керек. Сондықтан біз бірлігімізді күн сайын нығайтып отыруымыз қажет», - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Татулық пен келісім халқымыздың өмір салтына айналуы тиіс екенін айтты. Әйтпесе, елдікті сақтап қалуымыз өте қиын болады. Жақсы тілек айту – халқымыздың қанына сіңген қасиет. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп бекер айтылмаған. Мен барша отандасымызды еліміздің береке-бірлігін бағалай білуге шақырамын. Шын мәнінде, ел бірлігін нығайту үшін қызмет ету – ең жауапты әрі сауапты іс.

Президент Үкіметке жыл соңына дейін ұлт құру процесінің жай-күйіне талдау жасап, сараптамалық баяндама дайындауды тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев сепаратизм қаупі туралы да ой қозғады және плюрализм мен радикализмнің айырмашылықтарына тоқталды. «Плюрализмге – иә, радикализмге – жоқ» деген ұстаным бұлжымас күйінде қалатынын айтты. Бұдан бөлек, сессия барысында Президент елдің ішкі тұтастығы Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті сияқты құзырлы органдардың назарында болатынын еске салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Әрбір азамат өз болашағын Қазақстанмен тығыз байланыстыруы керек. Сонда ғана халқымыз біртұтас ел болып тұра алады. Ешкімді ұлтына, тіліне, дініне қарап кемсітуге болмайды. Қоғамда мұндай ұстанымға сай бөлектенуге жол берілмейді. Әрқайсымыз – Қазақстан атты қасиетті қара шаңырақтың перзентіміз. Бәріміз – бүгінгі өмірі және болашағы бір бауырлас азаматтармыз.

Азамат Бейбітұлы

Хабарламаларға жазылу