Түркістан облысында малын даулаған шаруа әділдік іздеп жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында малын даулаған шаруа әділдік іздеп жүр

26.04.2023

Түркістан облысы Шардара ауданының тұрғыны екі азаматқа қой бақтырамын деп бар малынан айырылды. Қорасы қаңырап қалған шаруа екі жылдан беру құқық қорғау орындарынан әділдік таппай жүр.

Бақыт Мәліков осыдан бес жыл бұрын 1,5 мың қойын екі шопанға теңдей етіп бөліп бергенін айтады. Онысын нотариус арқылы куәландырған. Келісім бойынша үш жылдан соң шопандар бар малдың үстіне тағы 800 қой қосып беретін болған. Алайда арадан үш жыл өтей жатып-ақ қорада тігерге тұяқ қалмады дейді шаруа.

Бақыт Мәліков, Шардара ауданының тұрғыны:

Екеуі жасаған қылмысқа екеуі жауап берсін. Олар соттан өтсін. Тиісті жазасын алсын деп шабуылдап жүрміз. Жазбаған жеріміз, бармаған тауымыз қалмады. Жазған арызымыздың барлығы қайтып кеп қала береді. Облыс алады да оны Шардара ауданына жібереді. Түсінбедік.

Полиция. Покуратура. Шаруа қазір осы екі органның ортасында жүр. Адвокаттың айтуынша, тергеу дұрыс жүргізілмеген. Полиция екі шопанның тек біреуін ғана күдікті етіп, қамауда ұстап отыр. Ал екіншісі куәгер ретінде жүр. Аудандағы тергеушілер оған қатысты істің қысқарғаны туралы құжатты арызданушыға көрсетпей жасырып қалған. Ал прокуратура бұған көз жұма қарады дейді жәбірленуші тарап.

Арман Айтубаев, адвокат:

Тергеу барысында оның атына тіркелген мүліктер, заттарды тексеру керек. Қай жерде мал баққан. Оған кім көмектескен. Қылмысқа қатысы бар ма, жоқ па егжей-тегжейлі тексеру керек еді. Ол мүлдем тексерілмеген. Тергеу әрекеті жүргізілмеген.

Арызданушының айтуынша, Шардарадағы мал дауы аудан мен облыстан өтіп, Бас прокуратура мен Президент әкімшілігіне дейін жеткен.

Біржан Жолдыбайұлы, Облыстық прокуратураның қылмыстық қудалау басқармасының аға прокуроры:

Қазіргі таңда жәбірленуші тараппен ол қабылданған шешім шағым келтірді. Шағым қазір қаралуда. Қарау нәтижесінде жәбірленуші тарапқа хабарланады.

Жәбірленушінің бірнеше рет арыздануынан соң іс жуырда Түркістан облысы Полиция департаментінің тергеушілеріне тапсырылды.

Ерсұлтан Тағабай, Облыстық Полиция департаментінің тергеушісі:

Тергеу барысында барлық тұлғаларға қатысты заңды шешім қабылданатын болады. Сонымен қатар заңбұзушылыққа жол берген Шардара ауданы полиция бөлімінің басшылығы мен қызметкеріне қатысты Түркістан облыстық Полиция департаментімен қызметтік тексеру жүргізілуде.

Бақыт Мәліков 152 миллион теңгесінен айырылып отыр. Істі бұрмалаған тергеуші мен полиция басшысының қандай жазаға тартылатыны тексерістен соң белгілі болмақ. Ал Шардара ауданының прокуроры жіберген кемшіліктер облыстағы алқа мәжілісінде қаралады.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу