Қымбатшылықпен күреске қарқын керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қымбатшылықпен күреске қарқын керек

25.04.2023

Елді қымбатшылық қысып барады. Әсіресе, халық көп тұтынатын азық-түлік бағасын ұстап тұру мүмкін болмай тұр. Естеріңізде болса Президент жыл соңына дейін инфляцияны екі есе төмендету туралы тапсырма берген. Алайда, әзірге нәтиже жоспардағыдай емес. Бүгін үкімет басшысы министрлер мен облыс әкімдерін сынға алды. 

Әлемдегі ушыққан геосаяси жағдай, халықаралық логистиканың бұзылуы, пандемиядан кейінгі дағдарыс, жанар-жағармайдың, яғни тасымалдың қымбаттауы. Мұның бәрі қымбатшылықтың дендеуіне әкеп соқтыратын факторлар. Соңғы дерекке сай инфляция үш айдың қорытындысы бойынша 3,2 пайыз, жылдық мәнде 18,1 пайыз болған.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Азық түлік инфляциясы кейбір әкімдіктердің тиімсіз жұмысын көрсетіп отыр. Өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 0,1 процентке өскен. Оның ішінде Ақтөбеде, Өскеменде, Семейде, Қызылордада 0,2 пайыздан жоғары болды.

Үкімет басшысы әкімдерге ескерту жасап, бағаны басты назарда ұстауды тапсырды. Әсіресе саудагерлердің қосатын үстеме бағасы 15 проценттен асып кетпеуін қадағалау және өнім шығармайтын делдалдарды қысқарту қажет деді. Ал, ұлттық экономика министрі біздің нарық жаңа заңдылықтарға бейімделді, енді күрт қымбаттаулар болмайды деп отыр.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Инфляция деген ең үлкен проблема қазір. Ол былтырдан бастады. Ол пандемия кезінде басталды. Кейбір шекаралар жабылды. Қандай экономика болса да ол әсіресе ашық экономика. Бүкіл елмен көршілес елдермен саудада болады, солай ғой. Енді бізде де сондай проблема болды. Енді біздің экономика соған адаптация жалпы жасады. Әрине осы жұмысты біз жалғастырамыз биыл.

Қажет өнім қымбаттамас үшін сыртқа жалтақтағанды доғару керек. Отандық тауардың үлесін барынша арттырсақ халықаралық нарыққа тәуелділіктен арыламыз. Алайда, біз өнімді өзімізде өсіргенмен қажетімізге жарата алмай отырмыз. Амал жоқ арзан кезінде сыртқа сатамыз. Ал тапшылық басталғанда өзгелерден қымбатқа қайта сатып аламыз.

Серік Жұманғарин, Қр Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі:

Өзіміздің мына жаңағы көкеністердің өсіріп жатқан көлеміміз жетеді. Жеткілікті өз-өзімізді қамтамасыз етуге. Бірақ сақтай алмаймыз, қоймалар екі миллион тоннаға жететін бар. Бірақ климат контрольі бар. Ішінде тек бір миллионы тұр.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Ауыл шаруашылығы министрлігі бағаны турақтандыру ережелеріне өзгертулер әзірлеп жатыр. Оның негізінде ауыл шаруашылығы тауарлар өндірушілері өнімінің кемі 70 пайызын форвардтық тәсілмен сатады. Бұл үш тарапқа да тиімді. Кәсіпкер тауар сататын нарық іздеп сенделмейді, мемлекет бағаны ұстап тұруға мүмкіндік алады, ал халық арзан өнім тұтынады деп түсіндірді Ербол Қарашөкеев. Премьер-Министр кәсіпкерлерді өзге де бағыттарда жан-жақты қолдау қажет екенін тағы бір ескертті.


Хабарламаларға жазылу