Шымкентте бір топ кәсіпкер бизнесін тоқтатуға мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте бір топ кәсіпкер бизнесін тоқтатуға мәжбүр

21.04.2023

Шымкентте бір топ азамат бірнеше жылдан бері жасап жатқан кәсібін тоқтатуға мәжбүр. Өйткені бизнес үшін бөлінген жер кезінде заңсыз берілген деген сот шешімі негізінде сауда саттық жасап отырған нысандар енді шетінен бұзылатын болды. Нұржігіттің ісінен береке, өзінен маза кеткелі айға жуықтады. Бұзылуы тиіс нысандардың қатарында оның да дүңгіршегі бар. Әкімдік кезінде тоғыз шаршы метр жерді он жылға жалға берген болатын. «Даму» қорынан 10 милллион теңге несие алып соққан сауда саттық орны енді түкке жарамсыз болғалы тұр.

Нұржігіт Мүтәлов, кәсіпкер:

Ол жерде қала әкімінің жұмысы не болды? Қаншама құжат жинадық. Сол жерде мәслихатта қаралған дейді осы сұрақ. Сол бойынша берілген. Осының бәрін аттап өтіп, заңсыз болып отыр. Біз алғанда заңды болады да, жұмыс істесек заңсыз болып қалады ма?

Сондай-ақ мына дүкенге де ет алатындардан гөрі қашан кетесің деп келетін көбейді. Кәсіпкер жер телімін 2021 жылы сенімгерлік басқаруға алған. Қала әкімінің қаулы негізінде жер кәсіпкерлік корпорациясы арқылы берілген.

Баяси Мамедова, кәсіпкер:

Дүкенді салу үшін 15 миллион теңге жұмсадық. Енді бұл шығынды кім өтеп береді? Іс-әрекетіміздің заңды негізде жасалғанын дәлелдеу үшін сотқа аппелациялық шағым түсірдік. Ары қарай не болары белгісіз.

Шымкент қаласында 2018-2019 жылдары «Мың сауда нүктесі» жобасы аясында 265 кәсіпкерге бизнес жасау үшін жер телімі берілген. Прокуратураның ұсынысы негізінде жүргізілген тексеріс барысында олардың аукционсыз ұсынылғаны анықталды. Бәс саудасыз беріле салған жердің кадастарлық бағасы 4 миллиард теңгеге жуық.

Нұрлан Әбдіразақов, қалалық жер ресурстарын басқару департаменті басшысының орынбасары:

Кәсіпкерлік кодексінің 284-бабына сәйкес аукционнан тыс табысталатын жерлер өндірістік аймақтарға ғана берілуі керек. Бұл жерде дүңгіршек, сауда-саттық, тұрғын үй үшін беріліп кеткен.

Әкімдіктің кәсіпкерлікті қолдау мақсатындағы бастамасын бас пайдасы үшін жаратып кеткендер де табылды. Бизнеске бөлінген жер телімдерінің 51-не тұрғын үй салынып кеткен. Қазір олардың да ісі сотта қаралуда.

Ғани Қалмахан

Хабарламаларға жазылу