Мұнайшылардың еңбек жағдайын комиссия анықтауға кірісті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мұнайшылардың еңбек жағдайын комиссия анықтауға кірісті

21.04.2023

Жаңаөзендегі мұнай-газ кәсіпорындарының жұмысына талдау жасайтын арнайы комиссия жұмысын жалғастырып жатыр. Бүгін комиссия мүшелері бірнеше нысанды аралап көрді. Кеше ғана іске кіріскен арнайы жұмыс тобы «Өзенмұнайгаз» компаниясына қарасты химияландыру және экология басқармасының қызметімен танысты. Жұмысшылар қордаланып қалған мәселелерді комиссия мүшелеріне жеткізді.

Қобылан Қарашаев, «Өзенмұнайгаз» АҚ химияландыру және экология басқармасының жүргізушісі:

Бізге бір жөндеу жұмыстарын жүргізуге арналған бокс керегін айттық. Ішінде шұңқыры болатын. Дәнекерлеушімізге де арнайы жабдықталған жер жоқ.

Басқармада 80-нен астам қызметкер жұмыс істейді. Бәрі негізінен техникалық жағынан қамтамасыз ету, жұмыс орнын жөндеу секілді мәселелерді көтерді.

Абат Құтжанов, арнайы жұмыс тобы төрағасының орынбасары:

70-80 пайызға техникалары жаңартылған. Енді қарай да жұмыстар жалғасуы керек. Бірақ енді қосымша көңіл бөлетін жақтары да бар екен. Цехтер жөндеуді қажет етеді екен. Жұмысшылардың мамандығын жетілдіру бойынша сұрақтар қойып жатыр.

Ал еңбек шарттарының орындалуына қатысты жұмысшылардың шағымы жоқ. Жалпы жоспар бойынша комиссия күнделікті 3-4 кәсіпорынның жұмысшыларымен кездесіп отырмақ.

Дәулетжан Хасанов, «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары, жұмыс тобының жетекшісі:

«Өзенмұнайгаз» кәсіпорнының 16 басқармасы бар. Бәрімен кездесу болады. Айналасында 30 жуық мердігер мекеме бар. Олардың да бәрімен кездесулер өтеді.

Комиссияның өзі екі топқа бөлінген. Бірі еңбек ұжымдарымен кездесіп, шағымдарын тыңдаса, екінші топ - компаниялардың өндірістік, технологиялық, қаржылық жұмысын тексереді.

Данияр Қайыртаев


Хабарламаларға жазылу