Биыл елімізде медициналық қызметтерді қаржыландыру 11 пайызға, яғни екі жарым трлн теңгеге дейін артады. 2022 жылы міндетті медициналық сақтандырумен қамтылғандардың саны 16 млн адамнан асты немесе ел халқының 82,5 пайызын құрады. Мұндай деректерді Денсаулық сақтау министрі Алматы облысына сапары кезінде айтты. Ажар Ғинияттың сөзінше, елімізде 7600 маман жетіспейді. Оның орнын толтыру үшін 2023 жылы жергілікті бюджет есебінен 2,5 мыңға жуық дәрігер оқытылады. Резидентура гранттарының санын 70 пайызға көбейту жоспарланған. Былтыр елімізде медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету алаңы ашылған. Орталықта Еуропа елдері үшін озық тәжірибелер көрсетіледі.
Наташа Аззопарди-Мускат, ДДСҰ Еуропалық аймақ елдері денсаулық сақтау жүйесі мен саясаты жөніндегі директоры:
Қазақстан – медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету жөніндегі екі маңызды декларацияның отаны. Сондықтан бұл елде көрсетілім алаңының жұмыс істеуі заңдылық деп ойлаймын. Және осы алаңның ел астанасында емес, ауданда болғаны қуантады. Бұл орталықта әлемнің үздік дәрігерлері өзара тәжірибе алмасады.
Қуан Нұрақын