Алматыда 2 мың ата-ана вакцинадан бас тартқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда 2 мың ата-ана вакцинадан бас тартқан

20.04.2023

Елімізде қызылшаға шалдыққандардың саны 180-нен асып кетті. Бірақ, соған қарамастан 2 мыңнан астам ата-ана балаларына жұқпалы ауруға қарсы екпе салдыртудан бас тартып отыр. Дәрігерлер мұның соңы қайғылы оқиғаға әкеп соқтыруы мүмкін деп дабыл қағуда. Өйткені балалар арасында А гапатитін жұқтыру жиілеген. Жақсылық Байшығашев баласына екпе салдыруға әуелде қарсы болған. Ол препараттың пайдасына күмәнмен қарағанын айтады. Бір жарым жасында салынуы керек вакцинаны, ұлы екіге толғанда бір-ақ алып отыр.

Жақсылық Байшығашев, қала тұрғыны:

Көбі ауырып жатыр дейді. Сондықтан біз де вакцина алуға келдік. Бұны алмаса тағы болмайды.

Наурыз айының орта тұсында тарала бастаған жұқпалы ауруға шалдыққандардың дені Алматы тұрғындары. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы берген мәліметке сүйенсек 26 адам қазір ауруханаларда ем қабылдап жатыр.

Мирас Шадман, қалалық денсаулық сақтау басқармасы эпидемиология бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

Ауруханаларда стационарлық ем қабылдап жатқан 7 ересек және 19 бала бар. Барлығының жағдайы тұрақты. Ауыр науқастар және жүкті әйелдер тіркелген жоқ.

Нақтыласақ, қызылша жұқтырған алматылықтардың 80 проценті 14 жасқа дейінгі балалар. Осыны негізге алған дәрігерлер мегаполисте вакцина алуы керек 8 мың бала мерзімінен кешігіп жатқанына алаңдаулы. Қазір мемлекеттік және жекеменшік емханаларда тегін екпе салу жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ ата-аналардың басым бөлігі вакцинациядан үзілді-кесілді бас тартып отыр. Мамандардың айтуынша, әлі күнге дейін қызылша ауруының нақты бір емі табылмаған. Ал, екпе сырқаттың алдын алуға жәрдемдеседі дейді ақ халаттылар.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Қызылшаға қарсы салынатын вакцина міне осы. Мөлшері 0,5 мл. Ол темперурасы +2 мен +8 градусты құрайтын арнайы тоңазытқыштарда сақталады. Бұның ерекшелігі екпені алған баланың бойында қызылшадан бөлек, қызамыққа және паратит вирусына қарсы өмірлік иммунитет қалыптасады екен.

Сондықтан вакцина алмағандар қызылша жұқтырса, арты көп жағдайда асқынуларға алып келеді.

Нұршай Әзімбаева, ҚР ДСМ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы:

Егілмеген балаларда инфекция ауыр түрде, көп жағдайда асқынуларға алып келеді. Пневмония – өкпенің қабынуы, вирустық қабыну емі жоқ. Көп жағдайда өлім-жітімге әкеп жатады. Балаларда ғана емес ересек адамдар арасында. Одан басқа көздің қабынуы кезінде адам өмір бойына соқыр болып қалуы мүмкін. Сол сияқты мидың қабынуы.

Қызылша жыл сайын таралатын ауру. Дегенмен былтыр елде аталған вирусты жұқтырған 4-ақ адам тіркелген болса, биыл сырқаттанғандар 187-ге жетті.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу