Павлодарда тауарлы-сүт фермасының құрылысы тоқтатылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда тауарлы-сүт фермасының құрылысы тоқтатылды

20.04.2023

Павлодар облысының Ақсу қаласы әкімдігі бірнеше елді мекеннің жерін инвесторға беріп жіберіп, тұрғындар мал бағуға жайылым таппай қалғаны жайлы өткен жаңалықтарымызда айтылған болатын. Іле тексеру жүргізген өкілетті органдар бірқатар заңбұзушылық деректерін анықтады. Тіпті, тауарлы сүт фермасының құрылысы уақытша тоқтатылатын болды. Ал, 1100 гектар жайылымдық жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

Бағдат Нәлібаев, Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы:

Соттың шешімі шықты бүгінгі таңда, заңсыз деп танылды. Енді ары қарай екі ай соттың шешімі күшіне енгенше соның уақытын күтеміз. Бүгінгі таңда сол жаңағы айтылып отырған сүт фермасы біз қайтарған жер алқабының үстінде орналасқан. Құрылыс нысанына қатысты ескерту хатын бердік. Бүгінгі таңда құрылыс нысаны тоқтады. Енді ары қарай әкімдікпен жер қатынастары бөліміне тексеру жұмыстарын бастадық.

Себебі, инвесторға шаруашылық мақсаттағы емес, ауылдық округке тиесілі жерлер берілген. Ал, суармалы егістікке арналған жерлерді игеру және құрылыс жүргізу жұмыстарына экологиялық сараптама жасалмаған. Оның үстіне қоғамдық тыңдау өткізілмепті. Бірақ құрылысты бастап жіберген.

Дияр Қайыркенов, жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы басшысының орынбасары:

Осы жоба бойынша келіп түскен ескертулерге уақытылы жауап бермеуіне байланысты қайта тыңдаулар өткізу қажет. Экологиялық кодекстің 90-шы бабына сәйкес мемлекеттік экологиялық сараптамаға ұсынылған құжаттаманың оң қорытындысы алынғанға дейін іске асырылуға тыйым салынады.

Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу