Президент: Балалардың құқығын қорғау заңмен күшейтілмек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент: Балалардың құқығын қорғау заңмен күшейтілмек

19.04.2023

Балаларға қатысты жантүршігерлік қылмыстар көбейіп кетті. Мектепте, көшеде, тіпті, үйде болып жатыр. Жауапты мекемелер мен құзырлы органдардың жұмысы ойдағыдай нәтиже бермей тұр. Бүгінгі жиында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәселенің маңызына назар аударды. Сондықтан зорлық-зомбылықтың алдын алу саясаты қайта қаралып, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау заңмен күшейтілмек. Мемлекет басшысы балалардың білім сапасына да ерекше тоқталды. Оқушы қабілетін бағалайтын халықаралық рейтінгте Қазақстан орта білім сапасы бойынша соңғы он жылда 50-60-орыннан жоғары көтерілмеген. Күнделікті баға мен ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі екі түрлі. Айырмашылық кемі 30 пайыз. Оқу орнының рейтингі үшін білім әділ бағаланбайды. Сондықтан бағалаудың жаңа тәсілін құру керек деді Президент. Сондай-ақ елде мектеп те, мұғалім де жетіспейді. Үш ауысымды 143 мектеп бар. Тіпті, саманнан және ағаштан салынған тағы 300 мектеп жұмыс істеп тұрғаны айтылды.

Алтай Көлгінов ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

Осы проблемаларды шешу үшін тиісті тұжырымдама қабылданып, ұлттық жоба жүзеге асырылуда. 2026 жылға дейін екі аусымда 1,5 млн орынға арналған мектептерді салу қарастырылған. Бұл мәселені толық шешпейді. Сондықтан, әкімдерге мектептерді тек бюджет қаражатынан емес мемлекеттік жекешілік әріптестік инвесторлар есебінен және басқа да көздерден салу керек едеп есептейміз.

Оқушылар ғана емес, жалпы адам капиталын дамытуға ерекше назар аударылмақ. Үкімет 2030 жылға дейін 3,3 млн адамды тұрақты жұмыспен қамтуы тиіс. Президент осындай тапсырма берді. Ал табысы төмен, еңбекке жарамсыз тұрғындарға төленетін атаулы әлеуметтік көмектің тағайындалу тетігі өзгертіледі.

Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

Жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ азаматтар бар. Сондықтан оларға атаулы әлеуметтік көмекті беру керек. Бұрынғы уақытта тек қана олар өздері келіп, арыз жазатын да сол арыз жазған адамды негізге алатын едік. Қазір біз нақты азаматтардың кімнің жалпы табысы күнкөріс деңгейінен төмен соған қарап әрбір отбасыны анықтап, содан кейін барып атаулы әлеуметтік көмек беру мәселесін айттым.

Президент жиын барысында су қоймаларына қатысты да мәселе көтерді. Көңіл бөлмесек көлге айналуы мүмкін аймақтар көп. Мәселен шығыстағы Үйдене су қоймасы 90 пайызға тозған. Істен шықса етектегі 5-6 елдімекенді шайып кетуі әбден мүмкін. Бұл тек бір ғана мысал.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазір 500-ден астам гидротехникалық нысан әбден тозып тұр. Тіпті, оның екі жүзінде төтенше жағдай туындау қаупі бар. Кезінде кейбір су қоймалары бұзылып, қайғылы оқиға болғанын білесіздер. Осындай жәйттің алдын алу үшін гидроқұрылымдар жан-жақты тексерілуге тиіс.

Мемлекет басшысы иесіз иттерге де тоқталды. Тұрғындар жиі шағымданады. Ал, құзырлы органдар заңды желеу етіп, қауқарсыздық танытады. Әр аймақта бұралқы иттер үлкен кішіге қарамай талап жатыр. Мәселені жылдам реттеуіміз керек. Тез арада шара қабылдаңыздар деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу