Екібастұздың әкімі монополисті сотқа берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екібастұздың әкімі монополисті сотқа берді

18.04.2023

Екібастұздың әкімі монополисті сотқа берді. Аян Бейсекин «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-не қыста бюджеттен берілген 22 млн теңге қаржыны қайтартпақ.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың 27-і қарашасында шаһардың жылу желілерінде ақау шығып, жылу электр орталығындағы қазандықтар істен шыққан болатын. Апат салдарын жою жұмыстарына монополист компанияның қауқары жетпеді. Тіпті, дайын болмай шықты. Амал болмағандықтан бірнеше аймақтардың коммуналдық шаруашылықтары мобилизацияланып, көмекке келді. Соларды жанар-жағармай, ыстық тамақ, жататын орынмен қамтамасыз ету үшін төтенше жағдайлар резервінен қаржы бөлінді. Монополист енді бұл қаржыны қайтарудан бас тартып отыр.

Гүлжан Зарлықова, Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары:

Облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотта іс қаралып жатыр. 22 млн. теңге төтенше жағдай салдарын жою үшін берілген. Бұған дейін «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-і бұл мәселені медиациялық тәртіппен шешуден бас тартқан болатын.

Қазіргі уақытта монополист компаниядан жылу желілері мемлекет меншігіне қайтарылды. 8 қазандық күрделі жөнделетін болады. Қажетті қаржының 50 пайызы бюджеттен, 50 пайызы меншік иесі есебінен бөлінбек. Қазірдің өзінде қазандықтар мен жылу желілерін жөндеуге 11 млрд теңге қарастырылып отыр.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу