Ақтөбе тұрғындары төрт күннен бері жарықсыз отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе тұрғындары төрт күннен бері жарықсыз отыр

17.04.2023

Ақтөбе облысында қырық ауыл жарықсыз қалды. Аймақта екі тәулік бойы жауын жауып, қатты жел тұрған еді. Салдарынан, электр сымдарына мұз қатып, желілер істен шықты. Мәселен, тек Мәртөк ауданының өзінде 20 ауыл үш күннен бері қараңғылық құшағында отыр. Бұл үйдің балалары бүгін балабақшаға бармай қалды. Өйткені ауылда жарық болмағасын мектепке дейінгі мекемелер жұмысын уақытша тоқтатқан. Тұрғындар соңғы күндері тоқсаныншы жылдарға қайтып келгендей күй кешіп отырмыз дейді.

Айымгүл Молдахмет, ауыл тұрғыны:

Ұялы телефонның көмегімен отырдық. Жарық болмаса, ұялы телефонмен, ұялы телефон болмаса, шырпы жағып отырдық. Майшам да болған жоқ ол кезде. Нан да болған жоқ. Сатып алатын ек.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Өткен тәуліктерде Мәртөк ауданында қар аралас жаңбыр жауды. Артынша күн күрт суытты. Салдарынан қатқан мұздың салмағын көтере алмаған ағаштар сынып, электр желілеріне зақым келтірді. Қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Дегенмен тұрғындардың кейбірі жауаптылар мәселемізді шешуге асығар емес деп шағым айтты. Көбінің үйінің жылу жүйесі электрқуатына тәуелді болғандықтан баспаналары суып кеткен. Ал жауаптылар мәселе жуық арада шешіледі дейді. Ауданның кейбір ауылдары Ресейдің Орынбор облысындағы резервтік желіні қолданады.

Аслан Айтмағамбетов, Мәртөк ауданы әкімінің орынбасары:

Қазір Ресей Федерациясында, желіде апат. Жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жарықсыз қалып тұрғаны үш мың абонент. Бізде Мәртөк бойынша кестемен қосып жатырмыз. Резервтік желі тағы бар.

Облыс бойынша жеті аудан аумағындағы ауылдарда жарық өшкен. Қатты жел ақауды тез арада жоюға мүмкіндік бермеген.

Нұрберген Бекеев, облыстық энергетика және түкш басқармасының бөлім басшысы:

Әйтеке биде сегіз ауыл, Мәртөкте жиырма ауыл, Мұғалжарда бір ауыл, Қобдада біреу, Ырғызда үш, Хромтауда алты, Шалқар ауданында бір ауылда жарық жоқ. Бүгінгі таңда авариялық-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Жөндеу жұмыстарына 50 бригада, 217 адам, 66 арнайы техника жұмылдырылған. Мамандардың айтуынша, жарық ертеңге дейін толықтай берілуі тиіс.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу