Жаңаөзендегі жарылыстан зардап шеккен үш науқастың жағдайы ауыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңаөзендегі жарылыстан зардап шеккен үш науқастың жағдайы ауыр

17.04.2023

Хабарымызды Жаңаөзенде болған қайғылы оқиғадан бастаймыз. Мұнда жарылыстан барлығы 17 адам зардап шекті. Оның 4-уі оқиға орнында қаза тапты. 3 науқас аса ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатыр. Төтенше жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Алдын-ала болжам бойынша, құбырдан шыққан газ ауаға таралып, жарылыс болған.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Төтенше оқиға таңғы сағат 4-те болды. Жарылыстан екі подъезд үйдің бір қапталы түгелдей қирап қалған. Мына жер төрт пәтердің орны. Ішінде шамамен 10 адам шырт ұйқыда жатқан. Жарылыстың салдарынан бәрі қас-қағым сәтте үйіндінің астында қалды.

Жарылыстың қатты болғанынан, көрші үйлердің де терезелері қираған. Тұрғындар есеңгіреп қалған.

Ұлболсын Тойметова, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:

4-ке 10 мин қалған кезде тұрдым. Содан шәй дайындап жатқанмын сәріге. Бір кезде гүрс ете қалды. Үйдің бәрі қозғалып кетті. Көрші әйел мына үйден үш баланы алып шықты. Содан жер сілкінісі ме деп жүрмін ғой. Айналар шағылғаннан кейін балалардың шулаған дауысын естідім.

Сәния есімді тұрғын апаттан аман қалды. Ол кеше басқа ауылда тұратын баласының үйіне қонаққа барып, сонда түнеп қалған екен. Төтенше оқиғаны таныстары хабарлапты.

Сәния, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:

Мен осы екінші қабатта тұратын едім. 12-пәтерде. Үйімнен дым жоқ. Тірнектеп жинаған дүнием мен үстімдегі киіммен қалдым. Бала-шағам өзім аманбыз әйтеуір, Құдайға шүкір.

Құтқарушылар үйінді астынан төрт адамды аман алып шықты. Өкінішке қарай тағы төрт тұрғынның жансыз денесі шығарылған. Олар екі әйел, бір ер адам және үш жастағы бүлдіршін. Тағы 13 тұрғын түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген. Оның жетеуі амбулаторлық ем алуда. Олардың басым бөлігі балалар. Тағы үш науқас травмотология бөлімінде жатыр. Ал денесінің 70 пайызын күйік шалған бір науқас санитарлық авиациямен Ақтау қаласына жіберілген.

Серік Асқаров, Жаңаөзен қалалық көпбейінді аурухананың директоры:

Қазір енді екі науқас жатыр жансақтау бөлімінде. Біреуі аяғы ауыр келіншек. Оған қазір ота жасалуда. Акушер гинекологтар ота жасап жатыр. Екінші науқас жансақтау бөлімінде. Оның да аяғы біраз бетонның астында қалған.

Бұл төтенше жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жарылыстың себебін анықтау мақсатында бірнеше сараптама тағайындалған.

Мұрат Мұханов, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:

Газ құбыры жердің астымен келіп бірақ тұрғын үйге келгенде жердің бетіне шығып тұрғын үйге кірген. Қазір оны анықтаймыз. Алдын ала болжам бойынша сол газ ауаның қоспасы жарылған.

Оқиға орнына облыс әкімі Нұрлан Ноғаев келіп, жараланғандар мен зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Ал жарылыстың салдарынан баспанасыз қалғандарға үй берілмек.

Нұрлан Ноғаев, Маңғыстау облысының әкімі:

Ведмоствоаралық комиссия құрылды. Бұл төтенше жағдайдың себептері мен оны жою салдарымен айналысады. Зардап шеккендерге тұрғын үй басқа да қолдау көрсету шараларын біз өз жауапкершілігімізге аламыз.

Тұрғындардың айтуынша, жарылыс болған үйдің қасында осыдан төрт күн бұрын су құбыры жарылып, жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сол кезде жанындағы газ құбырын зақымдаған болуы мүмкін дейді олар. Себебі содан кейін тұрғындар газдың иісіне шығымданған. Бірақ жарылыстың нақты себебі сараптама қорытындыларынан соң белгілі болмақ.

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу