Шымкенттік полицейлер киберқылмыспен айналысқан интернет алаяқтарын анықтады. Тараз қаласындағы жалдамалы ғимаратта орналасқан сall-орталық заңсыз жұмыс істеп келген. 19 мобильді құрылғы, 13 ноутбук тәркіленді. Сондай-ақ сол жерден 561 адамның анкеталық тізімі табылған. Полицияның алаяқтардың ізіне түсуіне қала тұрғынының арызы негіз болды. Оның телефонына белгісіз нөмірден қоңырау шалынып, бағасы 12 миллион теңге болатын су жаңа көлік ұтып алғанын хабарлап, құттықтаған және ұтысты алу үшін өзі айтқан сайтқа кіріп, алдын ала 4 миллион теңге ақы төлеуін сұраған. Осы жәйтқа байланысты жедел іздестіру кезінде сегіз адамнан жасақталған киберқылмыскерлер тобы ұсталды. Ұсталғандардың барлығының бұдан бұрын түрлі желілік дүкендердің call-орталықтарында оператор қызметін атқарғаны анықталып отыр.
Ғани Қалмаханов