Қарағандыда 300-ге жуық саяжай сусыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандыда 300-ге жуық саяжай сусыз қалды

17.04.2023

Қарағанды қаласында 300-ге жуық саяжай сусыз қалды. Бау-бақша егетін тұрғындар мұның себебін сол маңдағы Солонка өзенінің арнасын кеңейтіп, тасқынның алдын-алу жұмыстарымен байланыстырып отыр. Мәселенің мән-жайын тілшіміз Руслан Нұрланұлы анықтады.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

Саяжай иелері осыған дейін бау-бақшасын осы өзеннен суғаып келді. Ал былтыр өзеннің арнасын кеңейту, тазалау жұмыстарынан соң су дейңгейі түсіп кеткен. Салдарынан мына станциядағы негізгі құбырлар су сормай қалған.

Саяжай иелері жергілікті билікпен осы мәселені бірнеше рет бірлесіп талқыламақ болған. Бірақ мамандар жауапсыздық танытып, жоспарланған жиындары өтпей қалған. Ал күн жылыған сайын еккен көкөніс мен жеміс-жидек қурап қалады ма деген жұртта маза жоқ.

Айгүл Серікова, қала тұрғыны:

Бірдеңе істеді мынау өзенде, бәрін қопарып, қазып. Енді биыл су жоқ. Бәріміз зейнеткерміз, зейнетақымыз кішкентай, балаларымызға көмектесеміз осы саяжаймен.

Былтыр тасқынның алдын алу үшін өзен арнасы кеңейтіліп, түбі тазаланды. Оған 138 миллион теңге жұмсалды. Сондай-ақ, саяжайларға су беретін сорғылар қойылған тұстағы бетон бөгеттер алынып тасталған.

Александр Пономарёв, Саяжайлар қоғамдастығының төрағасы:

Өзен түбін қазып, арнасын кеңейтіп, бетон бөгеттерді алып жатқанда мен оларға бұлай дұрыс емес екенін ескерттім. Алайда олар бекітілген жоба бойынша жұмыс істеп жатқандарын айтты. Жарқабақ қазір биік, су болса тартылып қалды. Енді оны біздің сорғылармен сору мүмкін емес. Құбырлар жетпейді, әрі қысым жоқ.

Жауапты мамандар биыл қар біртіндеп еріп көбіне су жерге сіңіп, өзен арнасы толмай қалды дегенді алға тартады. Ал өзен арнасын кеңейту жұмыстары талапқа сай істеліп, техникалық және авторлық бақылаудан өткен дейді. Дегенмен саяжай иелерінің шағымы ескерусіз қалмайды.

Бахтияр Санбаев, облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

Алдында тастан, бетоннан салынған болатын. Біз оны санация кезінде алып тастадық. Бірақ енді судың деңгейін көтеру үшін бетондарды қайтадан қойып береміз. Қойып берген соң ол кісілер «Нұра-Сарысу» бассейні инспекциясынан рұқсат алады. Содан кейін өздерінің бау-бақшаларын, жеміс-жидектерін суғара алады.

Жергілікті билік мәселені тез арада шешуге уәде берді. Себебі бұл маңда өзге су көзі жоқ.

Руслан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу