Жаңаөзенде болған төтенше жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ, жарылыстың себебін анықтау үшін бірнеше сараптама тағайындалды. Апат орнында 4 адамның мәйіті табылды. 2 әйел, бір ер адам және 3 айлық қыз бала. Тағы 13 тұрғын дене жарақатымен қалалық ауруханаға түсті. Жансақтау бөліміне ауыр жағдайда келген 1 науқас санавиациямен Ақтауға жеткізілген.
Қазір оқиға орнында авариялық-құтқару жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Жаңаөзен қаласында тұрғын үйде газ жарылып, жалпы 17 адам зардап шекті. Жарылыстың қатты болғаны сонша, 4 пәтер жермен-жексен болып, көрші тұрғын үйлердің де терезелері қираған.
Ұлболсын Тойметова, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:
4-ке 10 минут қалған кезде тұрдым, содан шай дайындап жатқам сәріге, гүрс ете қалды. Үйдің бәрі қозғалып кетті. Жер сілкінісі деп ойладым, кейін балалардың шулаған дауысын естідім.
Мұрат Мұханов, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:
Газ құбыры жердің астымен келіп, бірақ тұрғын үйге келгенде жердің бетіне шығып, үйге кірген. Қазір оны анықтаймыз.
Аягөз Оралбайқызы