Бельгияда бала туу көрсеткіші төмендеген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бельгияда бала туу көрсеткіші төмендеген

14.04.2023

Бізде оқушылар саны артып, мектептер жетпей жатса, кәрі құрлықта керісінше жастар азайып, қарттар көбейген. Еуропа демографиялық дағдарысқа тап болды дейді сарапшылар. Еңбекке жарамды азаматтардың азаюы, әсіресе, Бельгия билігін алаңдатып отыр. Себебі елде бала туу көрсеткіші төмен. Брюссельдің ең ірі ауруханасының босану бөлімшесінде біздегідей қарбалас жоқ. Таңертеңнен бері мұнда тек төрт сәби дүниеге келіпті. Соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдықтар, толғақты жеңілдететін, тіпті, мүлдем сездіртпейтін дәрі-дәрмек, гидромассажды шомылғы бұлау, бір сөзбен айтқанда, мұнда жанға жайлының бәрі бар. Тек босанатын әйел тапшы.

Клотильде Лами, босану бөлімшесінің жетекшісі:

2000 жылдардың басында елде туу көрсеткіші жоғары болатын. Сонан кейін экономикалық дағдарыстың салдарынан күрт төмендеп кетті. Қазір біздің бөлімшеде күніне ең көп дегенде 6 бала ғана дүниеге келеді. Әйелдер тұңғыш баласын 30-35 жасында босанып жатыр.

Бельгия статистика агенттігінің мәліметінше, былтыр елде 114 мың бала туылып, 120 мың адам дүниеден өткен. Ұрпақ ауысуын қамтамасыз етіп, табиғи өсімге қол жеткізу үшін әр отбасыда кемінде екі баладан болуы шарт. Бірақ осының өзі бельгиялықтар үшін бүгінде қол жетпес арман.

Элен Краус, Брюссель қаласының тұрғыны:

Иә, Бельгия күйреуге жақын, өйткені біз бала тууға дайын емеспіз. Босанған әйелдер үш айдан кейін жұмысқа шығуы керек, әйтпесе ақша төленбейді. Үш айлық баланы бақшаға орналастыру немесе күтуші жалдау қырғын ақша.

Уильям Гермин, Брюссель қаласының тұрғыны:

Жұмыс табу қиын қазір. Өзіңді асырай алмасаң, балаларды қалай жеткізесің. Сондықтан мен үйленуге асықпаймын.

Белсенді жастардың азайып, қарттардың көбеюі-биліктегілерді алаңдатып отыр. Себебі, бюджетте зейнетақы төлейтін қаражат қат. Тығырықтан шығу үшін үкімет зейнетке шығу жасын қазіргі 65-тен 67-ге ұзартпақшы.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Ал демографиялық мәселені сырттан босқын қабылдау арқылы ғана шешу мүмкін дейді сарапшылар. Қазірдің өзінде Бельгия халқының санын Араб, Африка елдерінен келген мигранттар көбейтіп жатыр. Статистика агенттігіндегілер биыл дүниеге 78 мыңнан астам сәби келіп, халықтың саны 12 млн-ға жуықтайды деп үмітеніп отыр.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу