Ұлыбританиядағы корольдің тәж кию рәсіміне түрлі ыдыстар шығарыла бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбританиядағы корольдің тәж кию рәсіміне түрлі ыдыстар шығарыла бастады

14.04.2023

Корольді ұлықтау салтанатына арналған шыны-аяқтар. Лондондағы патша сарайына тиесілі фабрикада осындай ғажайып ыдыстар жасалып жатыр. Бұйымдардың әрқайсысы ұлттық эмблемалармен безендірілген. Шектеулі данамен шығарылады.

Ұлыбританияда Карл Үшіншінің тәж кию салтанатына арнап ыдыстар шығарыла бастады. Олардың қатарында десерт салатын фарфор табақтар, кеселер, шыныаяқтар бар. Салтанатты рәсімге арналған бұл бұйымдардың саны шектеулі.

Ян Грант, фабрика өкілі:

Естелік фарфор ыдыстарды дайындау әдісі ғасырлар бойы өзгеріске ұшыраған жоқ. Алдымен гипс, кейін фарфор қолданылады. Сосын бірнеше мәрте күйдіріліп, соңында коронациялық детальдармен толығады.

Көз тартарлық әдемі ыдыстар патша сарайына қатысы бар фабрикадағы дәстүрлі пеште жасалып жатыр. Бұл ыдыстардың кейбірінің сыртына тәждің суреті салынып, патшаның есімі жазылған.

Ян Грант, фабрика өкілі:

Фарфор ыдыстарының дизайнында алғаш рет герб суретін қолдандық. Сонымен бірге күш-қуатттың белгісі ретінде емен жапырақтарын, ал бейбітшіліктің белгісі ретінде лавр жапырақтары тәрізді элементтерді де қостық.

Ал, фабрика оларды жасауға қажетті сазды шетелден емес, Англияның өзінен тапқан. Жыл соңына осы коллекцияның фарфор шәйнегі де жасалмақ. Айта кетейік, корольдің тәж кию салтанаты мамырдың 6-да өтеді. Вестминстер аббатығында болатын шараға 2 мыңдай мейман шақырылған.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу