Астанада үш ауысымды және апатты мектептер мәселесі өзекті күйде тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада үш ауысымды және апатты мектептер мәселесі өзекті күйде тұр

13.04.2023

«Білімнің басы – бейнет» деп жатамыз. Рас, кейінгі уақытта баланы мектепке орналастыру көп тұрғын үшін бейнетке айналды. Себебі орын тапшы. Әсіресе, ірі қалаларда жетіспейді. Оның үстіне үш ауысымды және апатты мектептер мәселесі өзекті күйде тұр. Бұл проблемаларды шешудің жолдары қандай? Азамат Бейбітұлы зерттеп көрді.

Азамат Бейбітұлы, тілші:

«Айдалада ақ отау, ауызы, мұрыны жоқ отау» дегендей, Астананың шетінде Отау деген шағын аудан салынып жатыр. Бірақ мұнда не мектеп, не балабақша жоқ. Салдарынан тарыдай балалар тарыдай шашылып, Астананың ішіндегі бірнеше мектепке қатынап оқуға мәжбүр.

«Отау» шағын ауданында 25-тен аса көпқабатты тұрғын үй бар. Әлі де салынып жатыр. Тұрғындар мектеп жасындағы балаларды 4 мыңға жуықтайтынын айтады. Олар әкімдік тарапынан берілген автобустармен қатынап оқиды. Төзімі таусыруға таяған тұрғындардың төркіндес тілегі жалғыз.

Қарлығаш Мизамқызы, қала тұрғыны:

Ең, әсіресе, қиыны таңғы сағат 7-ден алып кетеді балаларды. Балаларға да қиын ғой. Таңғы сағат алтыдан тұрғызамыз. Енді тезірек мектеп салып берсе екен дейміз. Өткенде әкімдікке барғанда 2023 жылы дайын болады деді. Ол әлі дайын болмайды. Өйткені, іргетасы құйылмаған.

Астана мектептерінде 26 мыңдай орын тапшы. Ел бойынша 270 мың орын жетіспейді. Әсіресе, урбанизацияның уысына түскен ірі қалаларда мәселе өзекті. Үш ауысымда оқытатын мектептер саны 142 болса, 57 мекеме апатты жағдайда. Тіпті, әр қабырғасы тарихқа татитын саманнан салынғандары да бар. Сондықтан, сайлы мектеп болу үшін «жайлы мектеп» ұлттық жобасы түзілді.

Ғалымжан Молдаш, ҚР Оқу-ағарту министрлігі бюджетті жоспарлау департаментінің директоры:

Президенттің тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» жобасы биылдан бастап жүзеге асырыла бастады. Тиісті ақша бөлінді. Қазіргі таңда сол мектептерді салу бойынша тиісті құжаттарды реттеп, құрылысты жүргізетін компанияларды жүргізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жаппай жайлы мектептерді салу үшін 2 трлн 600 млрд теңге қарастырылған. Ел бойынша үш жылда 401 мектеп бой көтереді. Олардың бәрі егіздің сыңарындай бірдей стандарт бойынша салынады. Бас-аяғы 1,5 млн орын ашылмақ. Сатырлатып мектеп сала бергеннен мәселе бітпейді. Өйткені сол мектептің жүрегі мұғалім болса, бүгінде төрт мыңдай педогог қажет.

Алтай Көлгінов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

Мұғалім тапшылығы бар. Оны да айту керек. Сондықтан алдымызда тұрған міндет мұғалімдердің тапшылығын жою. Бізде арнайы педагогика бойынша бес жоғары оқу орны бар. Одан бөлек өңірлерде мамандар дайындайтын факультеттер бар. Одан бөлек колледждер бар. Сол жерлерде мамандарды даярлап мектептерге жіберуіміз керек.

Мысалы, астықтың астанасы Қостанай облысында да білім дәнін себетін ұстаздар табылмай жатыр.

Анна Лазарева, облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы:

Қазіргі таңда Қостанай облысы бойынша 54 педогог жетіспейді. Өңірде 454 мектеп бар. Математика пәнінің мұғалімдері тапшы. Одан кейін шет тілдері мұғалімдері жетіспейді.

Елімізде 49 жоғары оқу орнында педогогтарды оқытуға арналған лецензия бар. Былтыр 55 мың жас маман диплом алған. Биыл да 55 мың студент бітіреді. Бұл мамандықтарға 2009 жылы 9 мыңдай оқу гранты бөлінсе, 2022-2023 оқу жылында 15 мыңнан асқан. Бірақ оның бәрі бірдей ұстаздық етіп кетпесі анық. Жалпы, жастар арасында мұғалім мамандығына деген қызығушылық енді-енді артып келеді. Өйткені мұғалім мәртебесі туралы заң қабылданды, жалақы өсті. Қорыта айтқанда, қазір жоқтың орны толтырылып жатыр. Сан түгенделгесін сапаға салмақ беріледі.

Азамат Бейбітұлы

Хабарламаларға жазылу