Жас кәсіпкерлерді қолдайтын жаңа бағдарламалар қажет. Саны көп, бірақ тиімсіз жобалар жетеді. Өйткені бизнесті енді бастағандарға қойылатын талап тым күрделі дейді жас кәсіпкерлер. Сондықтан бизнеске ебі бола тұра мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көре алмайтындар көп. Шар қаласында тұратын Әмір Бихтиолов өңірдегі ең жас кәсіпкер. 16 жастағы жігіт жылдам тамақтану орынын ашып, бизнеспен шұғылдана бастағанына жарты жылға жуықтады. Ісі ілгерілеп келеді. Тек мемлекеттен қолдау болса дейді. Жасы 18-ге толмағандықтан қайтарымсыз несие алып, ресми түрде кәсіпкер ретінде тіркеле алмайды. Егер мүмкіндік берілсе, өз ісін ғана дамытпай өңірдегі мәселелерді шешуге ниетті.
Әмір Бихтиолов, кәсіпкер:
Жасың 16-да. Қалай кәсіп ашып жатырсың деп сенбейтіндер де бар. Бастама жаман емес. Осы айда 3 миллион тапсақ, 3 миллионның 1,5 милионы азық-түлікке кетеді. 500 мыңы еңбеақы төлеуге. Қалғаны жалдаудың ақшасы. Ақша шыққан сайын осы Шар қаласына көмектесіп жатырмын. Шарда шешілмей жатқан қаншама мәселе бар.
Ал аягөздік Жаңагүл Дәлелбек ұлттық өнімдер сататын дүкенді іске қосқан. Қымыз, шұбат, сүт өнімдерінің сан-алуан түрін саудалайды. Сұраныс көп болғандықтан жеке цех ашып, жергілікті өнімді молайтуды жоспарлаған. Бірақ жас кәсіпкерлерді қолдауға келгенде кедергілер көп дейді. Сондықтан тиімді жобалардың болғанын қалайды.
Жаңагүл Дәлелбек, кәсіпкер:
Мемлекет тарапынан бағдарламалар болса, төмен пайызбен несиелер болса екен. Қайтарымсыз грант болса мен қуанана қуана келісіп алатын едім. 29 жастан жоғары болуы керек және де көпбалалы, асыраушысынан айырылған деген белгілі бір санаттарға кіру керек екен қайтарымсыз несие алу үшін. Және төмен пайызбен несие алу үшін атыңда 5 миллионнан жоғары тұратын кепілдік болуы крек.. Ал менде ондай жоқ. Ешқандай санатқа да кірмеймін.
Талабы таудай болғанмен жастардың бизнес жобаларын мамандар мақұлдай бермейді. Өйткені кепілдіктің болуы шарт. Немесе инновациялық идеялар ғана қолдауға ие. Ал шағын бизнестің өзге түрін өркендеткісі келгендердің қолы байлаулы.
Мұрат Мәлкаждар, кәсіпкерлікті қолдау және дамыту бөлімінің басшысы:
Былтыр гранттық қаржыландыруға бізде 46 миллион теңге бөлінген болатын. 18 кәсіпкер оны ұтып алды. Оның ішінде 7-еуі жас кәсіпкер болып табылады. Ал енді 400 АЕК гранттың ішінде 47 адам жас кәсіпкер санатына жатады.
Абай облысында 52 144 бизнес субъектісі бар. Олардың ішінде 29 жасқа дейінгі 9 мыңнан астам жас тіркелген. Бірақ солардың бір мыңнан астамы тізімде бар болғанмен жұмыс істемейді. Өйткені түрлі кедергілерге төзбей кәсібін орта жолдан тоқтатқан.
Ержан Жақып