Астанада Гейдар Әлиев атындағы көше ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада Гейдар Әлиев атындағы көше ашылды

11.04.2023

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Астананың орталығында Гейдар Әлиев атындағы көшені салтанатты түрде ашты. Президент өз сөзінде Гейдар Әлиевтің күрделі кезеңде ел билігін қолға алып, Әзербайжанның мемлекеттігін нығайтуда зор рөл атқарғанын атап өтті. Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға өлшеусіз үлес қосқанына тоқталды. Сондай-ақ, оның қазақтар туралы жылы пікір білдіріп, түп-тамырымыз бен тарихи мұрамыз ортақ екенін үнемі айтып отыратынын еске алды. Мемлекет басшысы бүгінде Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынастың берік әрі үйлесімді, стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухында дамып келе жатқанына назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Былтыр мені Әзербайжанға ресми сапармен барғанымды білесіздер. Сонда біз құрметті Ильхам Гейдарұлымен мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту жөнінде келісімге келдік. Бұл ең алдымен біздің достық қарым-қатынасын бекемдей түсу үшін өте маңызды қадам. Осыған орай Қазақстан нақты шараларды қолға ала бастады. Астана төріндегі көшелердің біріне Әзербайжанның жалпыұлттық көшбасшысы, аса көрнекті мемлекет қайраткері Гейдар Әлиевтің есімін беру туралы шешім қабылданды. Міне бүгін осы салтанатты рәсімге арнайы жиналдық. Қасым-Жомарт Кемелұлы Гейдар Әлиевтің бауырлас қазақ халқына ықаласы мен сүйіспеншілігі ерекше болғанын айтты. Расында, солай. Мен бұған куәмін. Ол қазақтардың салт-дәстүрін, мәдениетін жақсы білетін және көп ғасырлық тарихына құрметпен қарайтын. Қазақ пен әзербайжан халқының бауырластығын жоғары бағалады. Түркі әлемін одан әрі біріктіру үшін қолынан келгеннің бәрін жасады. Біз бүгін түркі әлемінің халықаралық аренада беделді, қуатты ұйым құрғанына куә болып отырмыз.

Ильхам Әлиев Қазақстан Президенті мен халқын әлеуметтік-экономикалық даму жетістіктерімен құттықтады, еліміздің халықаралық аренадағы беделі зор екенін атап өтті. Салтанатты шарадан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев Астана қаласындағы Ботаникалық бақта ағаш отырғызу рәсіміне қатысты.

Азамат Бейбітұлы

Хабарламаларға жазылу