Үндістан халық саны бойынша әлемде алдыңғы орынға шығып, Қытайды басып озғалы тұр. Соңғысында бала туу төмендеп барады. «Бір отбасы-бір бала» саясаты күшін жойғанымен әзірге оң нәтиже жоқ. Жалпы Шығыс Азияның бірқатар елінде халық санының азайғаны байқалады.
Үндістан сәуірдің екінші жартысында халық саны жағынан Қытайды басып озбақ. Бұл - БҰҰ-ның болжамы. Оған сай осы айда Үндістанда тұратын адам саны 1 миллиард 400 млн-нан асады.
2011 жылы елде 1 млрд 210 млн адам тұрды. Демек, 12 жылда оларға тағы 210 млн тұрғын қосылған. Бұған қоса халықтың 27 пайызынан астамы - жастар. Мұнда бала туу көрсеткіші де жоғары.
Ал Қытайда керісінше бала туу индексі рекордтық деңгейге дейін төмендеді. Мұнда әр мың адамға шаққанда 7 сәби дүниеге келеді. Бұған 1979 жылы халық санының өсуін баялату үшін енгізілген "бір отбасы-бір бала" саясаты ықпал етті. Аталған шектеуден ел осыдан 7 жеті жыл бұрын бас тартты. Балалы болуға ынталандыру мақсатында салық жеңілдіктері тәрізді шаралар жарияланды. Бірақ нәтиже шамалы. Былтыр Қытайда халық саны 2021 жылға қарағанда 850 мың адамға азайған.
Мамандардың сөзінше, мұндай статистика демографиялық дағдарыстың хабаршысы болуы мүмкін. Ол елде жұмыс күшінің азаюына, денсаулық сақтау жүйесіне салмақтың артуына, әлеуметтік қамсыздандыруға жұмсалатын шығынның өсуіне апаруы мүмкін.
Шығыс Азияның Жапония және Оңтүстік Корея елдерінде де халық саны азайып, қартайып барады. Мысалы Күншығыс елінде балалар азайып, соңғы жиырма жылда мыңдаған мектеп жабылды. Экономистердің пікірінше, әлеуметтік жағдайдың нашарлауы, жұмыссыздықтың көбеюі сәбилердің дүниеге келу көрсеткішін одан әрі төмендетуі мүмкін.
Арай Төлеген