Электр энергиясына артық ақша төлеген астаналықтарға қаражаты қайтарылмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Электр энергиясына артық ақша төлеген астаналықтарға қаражаты қайтарылмақ

10.04.2023

Электр энергиясына артық ақша төлеген астаналықтарға қаражаты қайтарылады. Бұл мәселені қалалық прокуратурада уәкілетті орган қызметкерлері, әкімдік пен қызмет көрсетуші компания өкілдері талқылады. Қате есеп электрмен жабдықтаушы компаниялар арасында жұмыс түрін қайта бөлісу кезінде болған. Оңғар Алпысбайұлы толықтырып түсіндірсін.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

2022 жылдың соңында астанаэнергосбыт әр адам қанша электр энергиясын тұтынғанын есептеу жұмыстарын Астана АЭК-қа тапсырған. Ал тура сол уақытта бұл компанияда әр абоненттің үйіне барып, кімнің қанша электр энергиясын тұтынғанын жазып алатын қызметкерлері болмаған. Сәйкесінше миллиондаған абонентке орташа тұтыну көрсеткіші жазылып кеткен.

Мұндай жағдай әлеуметтік желіде бірден наразылық тудырды. Олардың ішінде бір айда электр энергиясы үшін төлем 15-20 есе қымбаттап кеткенін айтып шағымданғандар да бар. Балқия Бейсенғалиева коммуналдық төлемді интернет банкинг арқылы төлеп жүретін. Ал, қаңтар айында қарыз еселеп өсіп кеткенін байқаған. Бірден мәселені шешуге кіріседі.

Балқия Бейсенғалиева, қала тұрғыны:

Электрмен жабдықтаушы компанияларға хат жаздым. Орташа есеппен шот жіберулері дұрыс емес екенін дәлелдедім. Олар менің төлемімді бірден қайта есептеп берді. Енді әр ай сайын көрсеткішті қадағалап, есептеп отыратын болдым.

Өзгелер де салғырттықтың салдарынан жем болмауы үшін мәселеге прокуратура араласты.

Әділбек Қасымов, Астана Қаласы Прокуратурасының Аға прокуроры:

Есептеулерді түзету жұмыстары жалғасуда және ол прокуратураның бақылауында. Сондай ақ электр энергиясын пайдаланғаны үшін артық төлем есептеліп, тұтынушылар құқығы бұзылған жағдайда азаматтар мен ұйымдар табиғи монополияларды реттеу жөніндегі қалалық департаментке өздігінен жүгіне алатынын хабарлаймыз.

Артық төлемді қайтарып алу үшін арыз не өтініш жазудың қажеті жоқ. Есеп автоматты жүргізіледі.

Александр Аглиулин, «Астана-Аэк» АҚ басқарушы директоры:

Мәселен бір тұтынушыға 500 киловат артық есептелді десек оның ақшасына қолына қайтарылмайды. Жай ғана келер айларда алдын ала төлем жасағаны есептеледі. Ал қандай да бір сұрақтар туындаса Астана РЭК деп аталатын телеграм бот немесе электронды почта арқылы өтініш қалдыруға болады.

Қазір есептеу құрылғысындағы көрсеткішті аумақтық энергетикалық комиссия яғни Астана АЭК тіркесе тарифтер мен төлем мөлшері Астанаэнергосбыт компаниясының құзіретінде. Екі компанияда кемшілктер жойылғанын, болашақта мұндай қателіктер болмайтынын айтып сендірді.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу