Ал Ақтөбеде қоқыс шығаруға жауапты компаниялар тарифті екі есе көтеруді талап етіп отыр. Айтуларынша, қазіргісі шығынды ақтамайды. Сондықтан да болар, шаһардың кей аудандарынан тұрмыстық қатты қалдықтар 3 аптадан бері шығарылмаған. Тұрғындар қоқыстың бір бөлігін өртеуге мәжбүр. Көп қабатты үйлердің ауласында да, осындай жағдай. Контейнерлерге сыймаған қоқыс шашылып, желмен ұшып жатыр.
Гүлжаһан Шатанова, қала тұрғыны:
Звондағанымда жетпей жатыр деді машина. Білмеймін енді, машинаның бәрі қайда кетті, не үшін ақша төлеп жатырмыз сонда? Полигон болып кетті, ит шашады, құртап кетеді ертең.
Қазір қала тұрғындары қоқыс шығару қызметі үшін жан басына 200 теңге төлейді. Әкімдік мәліметі бойынша, бұл еліміз бойынша ең арзан тариф. Сондықтан, тазалық мекемелері қызметінің бағасы бойынша, алдымен қоғамдық тыңдау өткізілмек. Ұсыныс қолдау тапқан жағдайда, алдағы мамыр-маусым айынан бастап тариф 420 теңгеге дейін өсуі мүмкін.
Серік Дәулетов, қалалық түкш бөлімінің сектор меңгерушісі:
Үш мердігер мекеменің басшыларымен сөйлескенбіз. Тарифті өзгерткенде, талаптарымыз күшейеді. Жаңадан техника сатып алу, қосымша аумақ беру – сондай талаптарымызды қосатын боламыз.
Жақсыбек Кемал