Казталов, Жәнібек, Бөкей ордасы аудандарының шаруалары кене киіктен жұқты дейді. Бөкендер ауру таратып, малымыз қырылып қалуы мүмкін деп алаңдайды. Бұл мәселе облыстық мәслихат сессиясында талқыланып, депутаттар даланы улау немесе басқа да шұғыл шаралар қабылдау туралы ұсыныс айтты.
Ақылбек Сағитов, Облыстық мәслихат депутаты:
Киікке жабысқан кене малға да жабысып жатыр. Малға шыққасын, қырылу қаупі төніп тұр. Киік өліп жатыр дегенді естідік, мал өліп жатыр дегенді естімедім. Шаруалар бір әрекет жасап жатқанын көріп отырмыз. Бірақ бүгін жасаймыз, ертең қайтадан толып кетеді кене дейді мал үстіне.
Мамандар биыл көктем ерте туып, кене де ерте шыққанын, зиянкестің тек киік жүретін жерде емес, бөкені жоқ қырда, орман-тоғайда да кездесетінін айтты. Жылдағы құбылыс болғанымен, биыл өте көп таралған. Дәрінің қымбаттауына орай, тек 100 мың малды егуге жеткілікті қаржы бөлінген. Бірақ, тек жекенің қолындағы мал тегін егіледі. Шаруалар дәрі-дәрмекті өздері сатып алуы керек. Резерват ғалымдары ауру ошағын жан-жақты зерттемек.
Серік Нұрмағамбетов, Облыстық ветеринария басқармасының басшысы:
26 млн 400 мың теңге қаражат кенемен, басқа да аурулармен күресуге бөлінді. Киікпен байланыстырып жатыр ғой, оған ғалымдар жауап беретін болар. Переносщик дейді, оған киіктер де жататыны белгілі. Бірақ міндетті түрде киіктерден емес, кене жабайы аңдардан да, кеміргіштерден де жұғады.
Ардақ Мұратқызы