Сауда саясаты: Қымбат тауарға сұраныс азайған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сауда саясаты: Қымбат тауарға сұраныс азайған

09.04.2023

Бұған дейін «Aptaда» нон-фуд категориясының ассортименті жұтаңдап кеткені туралы сюжет берілді. Енді Данияр Қайыртай осы позициядағы тауарлардың өзгеріп, жаңа брендтермен толыға бастағанына назар аударып, материал әзірледі.

Кәсіпкер Қуандық Досымовтың Ресейге жақын төрт қалада 60 супермаркеті бар. Алайда дүкендерінде Ресей импорты 40 пайыздан 8 пайызға дейін түсіп кеткенін айтады. Себебі қымбат тауарға сұраныс азайған.

Қуандық Досымов, «Inmart» супермаркеттер желісінің директоры:

Шағын компаниялар, аты жоқ брендтер дейміз оларды, сол компанияларға қазір жол бердік. Бағалары төмен. Бірақ енді сапасы да кішкене төмен болса да, кісілер оған да үйреніп келе жатыр.

Кәсіпкер Ресей импорты азайды деп – өндірісі немесе қоймасы Ресейде орналасқан трансұлттық компаниялардың өнімін меңзеді. Енді кей ритейлерлер ол тауарларды Ресей арқылы емес, тікелей әкеліп жатыр.

Асылбек Махумдолда, «Galmart. Keruen city» супермаркетінің директоры:

Біз тікелей Түркия мемлекетінен, Еуропа елдерінен ешқандай ортадағы делдалдарсыз, жеткізушілерсіз өзіміз тікелей тауар алу жұмысын жолға қойдық.

Нұралы Бөкейханов, ҚР СИМ «Qaztrade» сауда саясатын дамыту орталығының бас директоры:

Оған да маршруттар бекітілді. Ол – Орта дәліз (ТМТМ) Каспий теңізі арқылы және жаңадан соғылып жатқан маршруттар: Солтүстік пен оңтүстікті қосатын маршрут және Қытайдан келетін маршруттар.

Ал сауда желіліерінің көбі қымбаттап кеткен ол тауарларды арзанырақ баламасына алмастырумен әлек.

Елбегі Әбдиев, Сауда желілері одағы төрағасының орынбасары:

Транснационалдық компаниялар Ресейде өндірісін азайтып жатыр. Кейбірі Ресейден кетіп қалды десек болады. Соған байланысты сауда желілері арзан аналогтарды іздей бастады. Қазақстандық Аврора, мысалы. Ресейдің басқа өндірушілері, Түркияның, Кореяның өндірушілерімен жұмыс істеп жатырмыз.

Супермаркеттер сөресіндегі бұл өзгерісті бір тұтынушылар байқаса, енді біреулері аңғармапты.

Астанадағы бір сауда орнын біз де аралап көрдік. Бейтаныс брендтер бірден көзге түседі. Әрқайсының өндіріс орнын анықтап қарадық. Көбі Ресей өнімі болып шықты. Мысалы, мына макарондар және мына сүт өнімдері. Ресейде жасалған деген жазу, әсіресе, тұрмыстық химияда көп екен. Мынадай ыдыс жууға арналған ресейлік гельді бұрын көзім шалмапты. Ресейде шығарылатын мына крем мен мына бір сабын да – мен үшін таныс емес. Осы тіс пастасы да, мынандай дәретхана қағазын да біздің нарықтан алғаш көруім. Жарнамасы жоқ, аса танымал емес ресейлік маркалар неге көбейіп кеткен?

Нұралы Бөкейханов, ҚР СИМ «Qaztrade» сауда саясатын дамыту орталығының бас директоры:

Ең үлкен себебі – Ресей компанияларына жарияланғ ан санкциялар. Бұрын да ол компаниялар сол өнімді шығаратын, бірақ ол өнімді Шығыс Еуропа нарығына сататын. Бірақ қазір ол мемлекеттер бұл өнімді өткізбей тұр. Сондықтан бұл өнімдер Қазақстан нарығына келіп отыр.

Ресей импорты жыл басынан бері, шамамен, 15 пайызға өсті дейді Сауда және интеграция министрлігіне қарасты орталықтың директоры. Ал ресейлік сарапшы жаңа брендтер нарықтан кеткен трансұлттық компаниялардың зауыттарында шығарылатынын айтты.

Дмитрий Журавлев, РФ Аймақтық мәселелер институтының бас директоры, сарапшы:

Батыс брендтерін шығарып келген өндіріс орындары қазір өзіміздің тауар маркаларын шығаруды жолға қойған. Олар әлемдік танымал брендтерден арзанырақ. Сонысына қарай, өтімді де.

Расында, біздің нарықтағы арзан өнімге сұранысты Ресей ұтымды пайдаланып отыр. Ал қазақстандық өндірушілер тағы бір мүмкіндікті қалт жіберіп алғанға ұқсайды. Енді оларға үкіметтің тетіктері арқылы көмектесу керек, дейді экономист.

Мақсат Серәлі, экономист:

Үкімет сол салада айналысып жүрген ірі-ірі компаниялар мен орта компанияларға мүмкіндік беруі керек. Ол мүмкіндіктің бірден-бір көздеген мақсаты әлемде қолданылатын квота енгізу деген мәселе бар. Мысалы, Қазақстанда сол тауар бола тұра, егер де импорттық тауар енетін болса, импорттық тауарға көлемі жағынан шектеу қойылады да, қазақстандық компанияның дамуына 5 пайыз, 3 пайыз мүмкіндік бере бастайды.

Түрлі кедендік және экономикалық ұйымдарға мүше мемлекет мұндай қадамға бара ала ма?

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу