Әлихан Смайылов: Жанар-жағармай бағасын үкімет өсіруге мәжбүр болдық - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлихан Смайылов: Жанар-жағармай бағасын үкімет өсіруге мәжбүр болдық

09.04.2023

Осы аптаның ең негізгі тақырыбы – ескі де жаңа Үкімет және олардың алғашқы шешімі. Иә, министрлер кабинеті толығымен жасақталып, бекітілді. Бірақ халық үміт еткендей, жаңа құрамдағы Мәжіліс уәде еткендей де аса бір өзгеріс жоқ. Екі-ақ министр ауысты. Оның бірі - Мұрат Нұртілеу, ол Президент әкімшілігінің басшысы қызметінен босатылып, Премьер-министрдің орынбасары - Сыртқы істер министрі болды. Сондай-ақ Энергетика министрі ауысты. Бұған дейін осы лауазымда болған Болат Ақшолақов жанар-жағармай бағасы бойынша миссиясын орындап, Президент кеңесшісі атанды. Ал оның орнына «Самұрық-Қазынаны» басқарған Алмасадам Сәтқалиев келді. Сәтқалиевті Энергетика министрі ретінде біраз жауапты іс күтіп тұр.

Дәл осы қызметке тағайындалар алдында халық көп тұтынатын АИ-92 жанармайы 11, ал дизель 20 пайызға өсіп жатыр. Қыс бойы жылусыз қалған Екібастұз, Риддер сияқты шағын қалалардың үлкен проблемалары тағы бар...Енді үкіметтің былайша айтқанда «жұртқа жаға бермейтін» шешіміне келсек. Премьер-министр Әлихан Смайылов бензин мен дизельдің бағасын өсіруге мәжбүр болдық дейді. Қазақстанда арзан болғанын пайдаланып, көрші елдерге тасып жатқандар көп екенін алға тартты. Әрі сұраныс артқан.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Мысалы дизелді алатын болсақ ол жылына бір адамға 370 литрден келеді. Ал, Ресейдің өзінде бұл көрсеткіш 225 литр. Қырғызстанда 98 литр, Өзбекстанда 44 литр немесе 8 есе төмен. Сонымен қатар тұтыну деңгейі қарқынды әрі қарай өсіп келеді. Мұндай жағдай жанар-жағармайдың көрші елдерге транзиттік көлікпен және сұйық экспорт ретінде шығарылуымен байланысты. Сонымен бірге экономиканың негізгі салаларында жағармайдың тұтыну деңгейі айтарлықтай өзгерген жоқ. Мемлекет жанармай өндірісін ұлғайту бойынша тиісті шараларды қабылдауда. Соңғы 5 жылдың ішінде бензиннің өндірісі 70 процентке өсті, дизель отынының өндірісі 33 процентке өсті.

Жанар-жағармай өндірісі өссе, тапшылық қайдан туындап тұр? Жаңа баға сыртқа кетіп жатқан отын көлемін азайта ма? Үкімет «оңай шешім болмады» деді. Ал халыққа қалай әсер етті? Елдос Есенбол тарқатады.

Қосымша бак орнатқан джип дейсіз бе, тіркемесі бар жүк көлігі дейсіз бе? Қордайдағы қазақ-қырғыз шекарасынан темір тұлпардың түр-түрін кездестіресіз. Ұзын-сонар кептеліс. Азаматтарды мұнда ынтық қылған Қордайдың қонақжайлығы емес. Келіп-кетушілердің басым көпшілігі бензин мен дизель саудалағандар. Арасында қазақстандықтар да, қырғызстандықтар да бар.

Алтынбай Мұратов, Қырғызстан азаматы:

Мен гүніне еки джолы кирем. Пробка болмай қалса еки джолы кирем. Ал пробка машина гөп болуп қалса бирли жолу кирем. Бир гелгенде мен мына машинеммен 100 литр ап кетем. Чоң машинамен гелгенде 200 литр ап кетем бензин.

Ол бензинді еліне апарып қымбатына сатып жіберетінін де жасырмайды қырғыз азаматы. Көрші елдің шекарасынан ассаңыз, осылай жол бойына саудалауға шығарып қойған пластик бөтелкедегі жанармайды көресіз. Ал Қырғызстандағы АИ 92 бензинінің бағасы 52 сом 70 тиын деп тұр. Біздің валютамен бұл 270 теңге.

Айбек Сардарбеков, Қырғызстан азаматы:

Қырғызстанда баға өтөлу қымбат да. Бизке че. Өтелу қымбат. Черезчур қымбат. Қазақстанда баға көтөрулсе билмейм мысалы мен қандай болоду. Қазақ билиги көтөрмегенү өтелу дурус қой дейм...

Осылай көлігіне құйып алып өтетіндерден бөлек, шектеуге қарамастан мұнай өнімін тауар күйінде тасымалдайтындар да бар. Соңғы екі айда осындай 300 талпыныс анықталыпты. Бірақ, шекара асып кетіп жатқан жанар-жағармайда есеп жоқ. Бұлай жалғаса берсе, 850 мың тонна дизель тапшылығына ұрынамыз, - дейді Үкімет. Сондықтан елдегі жанар-жағармай бағасын өсіретінін хабарлады.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Бұл оңай шешім емес. Бұл шешімді қабылдауға біз мәжбүр болып отырмыз. Жалпы Қазақстанда дизелдің тұтынуы деңгейі өте жоғары болып қалыптасып отыр. Былтыр мысалы дизелдің өндіріс көлемі 5,2 миллион тоннаны құрады. Наурыз айында тұтыну деңгейі осындай былтырға наурыздармен салыстырғанда 15 процентке өсіп отыр. Біздің арзан отынымыз өзіміздің ұлттық мүддлерімізге емес көрші елдердің экономикасына жұмыс істеп отыр.

Көрші елдер демекші, олардағы жанар-жағармай бағасы қанша? Тауыр тасымалында көп қолданылатын дизелдің Қырғызстанда 1 литрі теңгеге шаққанда 390 теңге екен. Өзбекстанда 480, ал Ресейде 345 теңгені құрайды.

Энергетика министрлігінің жаңа қаулысына сәйкес Қазақстанда енді жанар-жағармай бағасы былай болады. АИ- 92, АИ – 93 маркалы бензиндерінің бағасы 187 теңгеден 205 теңгеге дейін өседі. Ал, дизель отыны енді 230-260 емес, 290 теңге болады. Үкіметтің бағаны өсіреміз дей бергені сол еді.

Лезде елдің әр аймағында жанар-жағармай тапшылығы басталып кетті. Алдымен Алматыда, кейін бұл қатарға Түркістан, Шымкент, Тараз өңірлері де қосылды. Дизельден бөлек оңтүстік аймақтарда автогаздың да тапшылығы байқалды. Ал, жүк көлігін тізгіндегендер діттеген жеріне жете алмай діңкеледі.

Ілияс Әбдірахманұлы, жүк көлігінің жүргізушісі:

Ақтөбеде солярка жоқ, Қызылордада жоқ, Шымкенте де жоқ. Кезекте 100 литр солярка алу үшін 2 сағат тұрам да кемі. Әр заправкада қанша уақыт жоғалтып жатырмын. Бензабагымыз біздің 500 литр. 100 литр солярка береді да. Ол 100 литр біздерге фураға дым да болмайды да. Қай жерге жетеміз 100 литр соляркамен, 50 литр соляркамен.

Мұндай тапшылыққа тап болмағанмен, жеңіл көлік мінген астаналықтар да бензин бағасының өсуін жылы қабылдай қоймады.

Жанар-жағармай құнының өсуі елдегі шаруаларды да біраз алаңдатып отыр. Үкіметтегілер олар үшін 413 мың тонна бағасы арзан дизель бөлінгенін айтты. Бірақ әзір оған қолымыз жете қоймады дейді қостанайлық шаруалар. Әрі дәл жұмыс қызатын шақта тапшылық анық сезілетінін айтып қалды. 2000 гектар жерді игеріп отырған диқан Тобыл Жарқынбаев бір маусымда әр гектарына 45 литр дизель отынын жұмсаймыз дейді.

Тобыл Жарқынбаев, шаруа:

Бір жетіден кейін 15 сәуір ылғалды ұстау керек далаға шығып осы жылы ерте басталды солярка жоқ. Егер жанармай көтерілсе бүкіл продукты, машина, логистика тасылым бәрі қымбаттайды. И так осы бір жылдың өзінде 3 есе саймандар жаңағы запчаста қымбаттады. Улайтын гербицит бәрі қымбаттады.

Тапшылық деп шу шыққаны сол еді, Энергетика министрлігі бірден мәлімдеме жасады. Сұраныстың күрт артқанын, оның орнын толтыруға тырысып жатқанын айтты. Ол үшін жөндеуге байланысты жұмысын тоқтатқан Шымкент мұнай-өңдеу зауытының ашылғанын да хабарлады. Елдегі қара алтынды өңдеу қуатын арттыру үшін алдағы алты жылда зауытты тағы ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Талғат Макуов, ҚР Энергетика министрлігі мұнай өңдеу және мұнай өнімдерін өңдіру басқармасының басшысы:

Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуаты 2029 жылға дейін үштен алты миллионға дейін көбею мүмкін. Алты миллионнан бастап тоғыз иә 12 миллион тоннаға дейін жеткіземіз.

Жарайды, Үкімет алдағы алты жылда мұнай өңдеу қуатын арттыра жатар. Ал, дәл қазіргі сәттегі жанар-жағармай бағасының өсуі азық-түлік пен басқа да тауардың қымбаттауына әкеліп соқпай ма деген заңды сауал туындайды. Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин инфляциядағы тасымалдың үлесі көп емес. Тек мұндайда бәзбіреулер даурығудан пайда көріп қалуға тырысады дейді.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Сауда және интеграция министрі:

Мына жұмыртқа мен тауық етінде 2 пайыз. Қанттың 5 пайызы бар. Мына жаңағы күнбағыс майын айттым. 25 пайызға көтерілсе жанар-жағармай дизель отыны онда 2,4 пайыз болады. Оны жеңіл заттарға әрине қымбаттылығын көрсетеді. Ауыр заттарға онша көрсетпейді себебі ол деген енді пропорцияға байланысты. Бірақ әрине әсер етеді көп емес деп ойлаймын.

Бірақ, өңірлердегі жағармай таппай жанталасқан жүргізушілерді ым-ишарамен бұлай сабырға шақыру қиын. Десе де сарапшылар мұнай өнімдерінің бағасы өсуі де, оған жұрттың қарсы шығуы да – заңдылық, - дейді. Үкімет жанар-жағармай бағасын инфляция деңгейінде сатылап өсіргенде жағдай басқаша боларын айтты. Экономисттің ұсынысы да бар.

Сапарбай Жобаев, экономист, сарапшы:

Халқымыз 20 миллион. Соның 18 миллионы өзіне тоқ. Олар мәселен бүгінгі күнде 250 теңгеден де бензин төлей алады. Жаңағы 18 миллион адам 250 теңгеден төлесе олардың табысынан түскен салық көбейеді де сол салықтан ана 2 миллион адамға жәрдем беру керек. Мемлекеттің ең бірінші функциясы осы қаржылық қорларды бөлу.

Елдос Есенбол, тілші:

Энергетика министрлігі бұған дейін мұнай өнімдерін автомобиль арқылы шығаруға тыйым салды. Кісі басына 300 литрге дейін деп лимит те қойды. Бірақ, тұтыну деңгейі сол күйі азаймады. Сондықтан бағаны өсіруден басқа амал қалмағанын алға тартады. Жанар-жағармайдың жаңа бағасы әлі де көршілердікінен арзан екенін ескерсек, бұл қадам көлеңкелі тасымалды тоқтата ала ма?! Үкіметтің екінші қадамы: бақылауды күшейтіп, тіпті, өңірлердегі мұнай базаларын да жіті тексеру. Сонда қолдан тапшылық ұйымдастырылмауы тиіс деп сендірді.

Елдос Есенбол


Хабарламаларға жазылу