Алматы облысында 7 бірдей елдімекенде мектеп жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында 7 бірдей елдімекенде мектеп жоқ

07.04.2023

Алматы облысында 7 бірдей елдімекенде мектеп жоқ. Тиісінше 700-ге жуық оқушы жақын ауылдарға қатынап жүр. Ал 8 ауылға ортақ білім ошағына балалар сыймай, спорт залының киім ауыстыратын бөлмелерінде білім алып жатыр. Не мектеп, не ауруханаға жарымадық деген тұрғындар жергілікті әкімдік ел сөзін елемейді деп шағымданады.

Талғар ауданы, Қайнар ауылдық округіне 12 елдімекен қарайды. Бүгінде солардың бесеуінде ғана мектеп бар. Ал, қалған жетеуінде тұратындардың балалары ең жақыны 3 шақырым болатын көрші ауылға қатынап оқуға мәжбүр.

Мира Маймарова, Тереңқара ауылының тұрғыны:

Ең өзекті мәселеміз мектеп. Оқушыларымыз өз ауылында оқыса екен дейміз. Одан басқа ештеңе талап етпейміз.

Сақтан, Тереңқара, Сегізкөл, Алмарай және бірнеше саяжайдан 700-ге жуық баланы Төңкеріс ауылына тасымалдауға 5 автобус бөлінген. Бірақ, оның үшеуі ескі. Бір күн жүрсе, 2 күн сынып тұрады.

Малика Талқанбаева, Тереңқара ауылының тұрғыны:

Екі апта автобус болмады. Біз балаларды екі апта бойы таксимен шығарып салдық.

Қазір Төңкеріс ауылындағы мектепте 8 ауылдың балалары 3 ауысыммен оқып жатыр. 640 оқушыға шақталған білім ошағына 1200 бала әрең сыйып отыр. Тіпті, спорт залдың киім ауыстыруға арналған бөлмелері мен дәретхана маңы да сынып бөлмелеріне айналған

Мира Маймарова, Тереңқара ауылының тұрғыны:

Бер жағы сынып ортасын бөліп қойған. Аржағы әжетхана. Ол болмайды ғой баламыз әжетхананың жанында оқып жатыр.Міне, екі кабинет спорт залдан беріп қойған.

Ауыл әкімдігінің мәліметінше, мектеп салу үшін екі бірдей участке бекітілген. Бірақ, тығырыққа тіреліп отырмыз дейді.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Мынау мектеп салынуы керек орын. Бірақ, жер телімі жекенің меншігінде. Қазір оны сатып үшін тиісті құжаттар әзірленіп жатыр екен. Сондықтан білім ошағы керек деп шырылдаған жұрттың талабы қашан орындалатынын жергілікті әкімдік өкілдері нақты айта алмай отыр.

10 жылдан бері түйіні тарқамаған мәселе биыл да шешілмей қалатын сыңайлы.

Нұрбол Есенбаев, Қайнар ауылдық округі әкімінің орынбасары:

Жер иелері келісетін болса сатып аламыз. Келіспесе сот арқылы алынады. Нақты белгісіз мен сізге 2024-2025 деп айтатын болсам, оған дейін ЖСҚ-дайын болғанымен қажетті қаражат бөлінбеуі мүмкін.

Жоғарыда аталған 7 ауылдың тұрғындары ауруханаға да жарымай отыр. Тереңқарада осыдан бірнеше ай бұрын амбулатория ашылған, бірақ әлі жұмысын бастамапты.

Амбулатория орналасқан ғимарат жекеден сатып алынған. Ол қазір аудандық аурухананың балансында. Енді Денсаулық сақтау министрлігінен лицензия күтіп отыр.

Бақыт Жамеков, Талғар ауданы орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

Қазір бар жабдықтарды орнаталастырып, қалай лицензиясы қолымызға тиеді біздің қызметкерлер сол жерде жұмысты қабылдайды. Біз осы бүгін, ертең деп күтіп отырмыз. Сол жерге медицналық қызметкерлерді жібереміз.

Қатар орналасқан ауылдарда басқа проблемалар да жетерлік. Мысалы, жол, жарық, су мәселесі әлі күнге толық шешілмеген. Жеке кәсіпкерлер көбейіп, жайылымның қысқарғаны тағы бар. Ашынған тұрғындар енді облыс әкіміне шағымданамыз деп бекініп отыр.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу