Жапония халқы қартайып, мектептер жабылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жапония халқы қартайып, мектептер жабылып жатыр

06.04.2023

Жапонияда соңғы жиырма жылда мыңдаған мектеп жабылды. Бұған балалардың азаюы мен қоғамның қартаюы себепші. Осыған ұқсас ахуал қазір бүкіл Азияда да байқалып отыр.

Наурыздың соңғы күні, салқын таң. Автобус тоқтап, екі оқушыны түсіріп кете барды. Аой Хоши мен Эйта Сато - Фукусима префектурасындағы Тен-эй ауылы Юмото орта мектебінің соңғы оқушылары. Олар алтын ұясымен алты күн бұрын қоштасты. Сондықтан 1947 жылы ашылған бұл мектеп те жабылды. Өйткені, оған баратын бала жоқ.

Аои Хоши, оқушы:

Директордан мектептің жабылып жатқанын алғаш естігенде, қатты өкіндім. Мұндай ұзақ тарихы бар білім ордасын жабу обал, ысырап қой.

Қазір Тен-эй халқының саны 5 мыңға да жетпейді. Ал, өткен ғасырдың 50-ші жылдары мұнда 10 мыңнан астам адам тұрған. Сондықтан, бұрын түсірілген естелік суреттерден Юмотода көп бала оқығанын байқауға болады. Дегенмен, олардың саны 2000 жылға дейін бірте-бірте азая бастаған.

Микио Ватанабэ, мектеп директоры:

Бұл фотосуреттер мектебімізде көп бала оқыған кезде түсірілді. Біз заманда мұнда 160 оқушы білім алған еді. Ал былтыр бізден түлектер шыққан жоқ. Биыл екі оқушы ғана бітіріп жатыр.

Соңғы статистикаға жүгінсек, Жапонияда 2002-2020 жылдар аралығында 9 мың мектеп жабылған. Жыл сайын 450 бастауыш және орта білім ордасы қызметін тоқтатады. Елде мұндай жағдайдың қалыптасуына бала туу көрсеткішінің төмендеуі, қоғамның қартаюы себепші.

Жапонияда 1970-ші жылдардың басында жылына 2 миллионнан астам нәресте өмірге келген. Ал, былтыр туған балалардың саны 800 мыңға да жетпеді. Мұндай ахуал бүкіл Азияға тән. Күн Шығыс еліне көршілес Қытай мен Оңтүстік Кореяда да бала өсірудің қымбаттығы халық санының кемуіне себеп болып отыр.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу