Жаңа депутаттар заң жобасын талқылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңа депутаттар заң жобасын талқылады

05.04.2023

Елде жаңадан салынып жатқан ғимараттар сейсмикалық талаптарға сай емес. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар осындай мәселе көтерді. Құрылыс компаниялары Жер кодексі мен Сәулет-құрылыс нормаларын сақтамайды дейді. Сегізінші шақырылым мәжілісмендері бірінші күннен барынша белсенді болуға тырысты. Сайлауға дейін өңір аралап келген олар халықты алаңдатқан бірқатар мәселені көтеріп, кезек-кезек депутаттық сауал жолдады.

Өткен аптада ант беріп, Үкімет басшысын қайта сайлап, кабинеттеріне жайғасқан депутаттар бүгін алғаш рет заң жобаларын талқылады. Екі ай үзілісте болған Мәжілістің ендігі атқарар шаруасы аз емес секілді. Спикер Ерлан Қошанов қазірдің өзінде 50-ге жуық заң жобасы қаралып жатқанын айтты.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Жуық арада тағы да бірқатар заң жобасы бізге келіп түседі. Біз оларды тез әрі сапалы түрде қабылдауымыз керек.

Бүгінгі отырыста 8 мәселе қаралды. Жаңа мәжілісмендердің ұзақ талқылаған заң жобасы - зілзаладан елге төнген қауіп. Түркиядағы жағдайдан сабақ алуға тиіспіз дегендер Төтенше жағдай министрін сұрақтың астына алды. Бақытжан Базарбектің сөзінше, елдегі құрылыс нысандарының үштен бірі сейсмикалық талаптарға сай емес. Компаниялар қазір тіпті сел жүру қаупі бар аймақтарға да үй соғып жатыр.

Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Өкінішке орай, бізде сейсмо бақылау, сейсмо аудит деген жоқ заңнамада. Одан кейін 2010 жылдан бастап біз комиссиялық қабылдаудан бас тартқанбыз. Басқаша айтқанда, егер үй құлап қалса, бұндай жағдайда құрылыс компания жауап бермейді.

Құрылыс нысандарының стандартқа сай келмейтінін Төтенше жағдай министрі де растап отыр. Мұндай жұмыстар қосымша қаржы мен жаңа заң шығаруды талап ететінін айтты.

Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдай министрі:

Ірі қалалар ғана емес, ауыл-аймақтарға да мән берілуі керек. Қазақстанда әлі күнге дейін саман кірпіштен үй салып жатқандар көп. Бұл ешқандай нормаға сай емес, зілзалаға мүлде төтеп бере алмайды.

Бүгін депутаттық сауал да көп болды. Ғалымжан Елеуов алғашқы сұрағын Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Склярға жолдады. Ол су тасқыны қаупі бар жерге үй салуға жол берген лауазымды тұлғалар жазасын алуы тиіс дейді.

Ғалымжан Елеуов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Біз неге жыл сайын өзіміздің азаматтарды осындай қиын жағдайда қалдырамыз?

Ал Ерлан Саиров «тәуелсіздік алдық» деп елдің тыныштығын бұзған бір топ петропавлдықтарға қатысты жан-жақты тексеру жүргізу қажеттігін талап етті.

Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Азаматтар өздерінің іс-қадамдары үшін нақты заң алдында қатаң жауап беретіндігін сезініп, түсінуі тиіс!

Ринат Зайытов 60 мың теңгеге күн көріп жүрген мәдениет қызметкерлерінің жанайқайын жеткізді.

Ринат Зайытов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Еңбекақының төмендігі білікті мамандардың жұмыстан өз еркімен кетіп, мәдениет ошақтарының жұмысын тұралатуға әкеліп соғады.

Айя Мүтәлі, тілші:

Бұдан бөлек, депутаттар тіл мәселесін көтерді. Олар мемлекеттік қызметкерлер қазақ тілінде емтихан тапсырғанымен, тестің шекті межесі нақтыланбағынына алаңдайды. Шенеуніктерге ана тілін 100 пайыз білуге міндеттеуді талап етіп отыр. Осылайша, алғашқы отырыста 98 мәжілісменнің 16-ы депуттық сауал жолдап үлгерді. Тиісті орган бұл сұрақтарға 1 айдың ішінде жауап беруі тиіс.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу