Елімізде жыл соңына дейін инфляция 2 есе төмендейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде жыл соңына дейін инфляция 2 есе төмендейді

04.04.2023

Жыл соңына дейін инфляция деңгейін 2 есе төмендету керек. Жаңадан жасақталған министрлер кабинетінің алдында осындай міндет тұр. Ал экономикалық өсімді жыл сайын 4 пайыздан түсірмеу қажет. Бүгін Үкімет отырысында Президент жүктеген міндеттердеді жүзеге асыру барысы талқыланды. Тағы қандай мәселе көтерілгенін әріптесім айтсын.

Қарапайым халық инфляцияны азық-түлік бағасы арқылы сезінеді. Сондықтаң әуелі күнделікті тұтынатын тауарлардың бағасын бір ізге түсіру маңызды. Ауыл шаруашылығы министрінің мәліметінше Тұрақтандыру қорларының жұмысы қайта форматталған. Кей азық құнын төмендету үшін арзан пайызбен несие де берілмек.

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Жаңа тәсілдемелерді қаржыландыру үшін облыстардың жергілікті бюджеттерінде шамамен 125 млрд теңге, оның ішінде жеңілдікті кредит беруге 99 млрд теңге және тауар өндірушілерден тікелей сатып алуды жүзеге асыруға 26 млрд теңге көзделген.

Кез келген тауардың бағасына жол шығыны қосылатыны белгілі. Ал бізде жанармайдың қымбаттайтыны айтылып келеді. Бұл ретте Сауда және Интеграция министрінің өз уәжі бар, Жұманғарин бағаның өсуіне логистика емес тұрғындардың психологиясы әсер етіп жатыр дейді.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі:

Былтырғы қарашадан бастап инфляцияның негізі логистика емес, адамдардың іс қимылы. Иә, адамдар үйренген бағаны көтеріп. 100 километ сағатына келе жатқан локоматив сияқты. Оны тоқтату қиын. Уақыт керек.

Ұлттық экономика министрлігі Президент тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша 8 бағытта 32 жоба жоспарлап қойыпты. Әсіресе шағын-орта бизнесті қолдау, стратегиялық маңызы бар жобаларды уақытылы орындау мәселелері қаралған. Ал, еңбекпен қамту министрлігі бірқатар әлеуметтік төлемдердің өсетінін, еңбек нарығын дамыту үшін кешенді жоспар әзірленіп жатқанын айтты.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Үкіметтің алдында тұрған негізгі міндет елдің әлеуметтік экономикалық дамуын қамтамасыз етіп, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту. Қазіргі таңда мемлекет басшысының сайлау алды бағдарламасы іске асырылуда. Сонымен қатар біз парламенттегі басым көпшілік Аманат партиясының бағдарламасын орындауға да кірістік.

Шекара маңындағы елдімекендерде де ауқымды жобалар жоспарланған. Олар өнеркәсіп қорында көзделген қаражат есебінен жүзеге асырылмақ. Бұдан бөлек, Әлібек Қуантыров «Ауыл аманаты» жобасы аясында жеке қосалқы шаруашылықтарға шағын несие берілетінін айтты.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу