Бельгия Қазақстанмен психикалық ауруларды зерттеудегі тың тәжірибесімен бөлісуге дайын. Бұл туралы елдің Дюффель қаласының психиатриялық ауруханасының дәрігерлері мәлімдеді. Себебі осы емдеу мекемесі Ұлыбританиядан үш мың адамның ми топтамасына қол жеткізді. Психикалық аурулардан көз жұмған науқастардың миы осы салада тың зерттеулер жүргізуге таптырмас мүмкіндік. Сонау 50-жылдардан бері жиналған ми коллекциясында шизофрения, талма ауруларынан, күйзелістен көз жұмған ұлыбританиялық азаматтардың бас миы сақтаулы. Елдің невропатолог дәрігері Джон Корселлис ғылыми зерттеулер үшін 8500 мидан тұратын коллекцияны 1951-1997 жылдар аралығында жинаған. Ғалым өмірден озған соң Британия үкіметі оны сақтайтын жер таппай топтаманы таратуға шешім шығарған. Мұндай мүмкіндікті бельгиялық аурухана ұжымы қалт жібермеді.
Мануэль Морренс, Дюффель психиатриялық ауруханасының ғылыми зерттеулер жөніндегі директоры:
Бельгияда этикалық ережелерге сәйкес, қайтыс болған науқастың миын алып, ғылымға пайдалануға болмайды. Сондықтан, осы уақытқа дейін біз дертті тек науқастың қаны арқылы немесе бас миын түсіру арқылы зерттейтінбіз. Енді, түрлі психикалық ауруларды мына қолымыздағы 3 мың миға қарап, зерттей аламыз.
60 жылдан астам уақыт өтсе де милар формальдегид ерітіндісінің арқасында жақсы сақталған. Арнайы температура талғамайды.
Нұрсұлу Қасым, тілші:
Зертханада мидың екі түрі бар. Тұтас және кесілген түрі. Міне, өздеріңіз көріп тұрғандай, Ұлыбритания ғалымдары кезінде зерттеулер үшін мына миды бірнеше бөлікке бөлген. Ал мынау тұтас ми. Бельгиялық дәрігерлердің айтуынша, науқас мидың инфарктінен қайтыс болған. Оған не себеп болғанын енді арнайы зерттейтін болады.
Профессор Морренс бастаған ғалымдар тобы әр мидың кішкентай бөлігін кесіп алып, қай жерде қабыну барын микроскоппен анықтап жатыр. Ми салынған шыны, пластмасса құтылардың сыртында науқастың аты-жөні, немен ауырғаны және қашан дүниеден озғаны толық жазылған. Ал мына қабырғадағы жәшіктерде парафинге құйылып қатырылған мидың бөлшектері орналастырылған.
Мануэль Морренс, Дюффель психиатриялық ауруханасының ғылыми зерттеулер жөніндегі директоры:
Бұл ғылым үшін керемет дүние. Өйткені 50-жылдары антипсихотикалық, күйзеліске қарсы дәрілер қолданыста болмаған. Яғни дәрі тимеген таза милармен жұмыс істеу арқылы біз психикалық аурулардың иммундық жүйесін, мидың жасушасын жіті зерттей аламыз.
Топтамада психикалық аурудан көз жұмғандардан бөлек боксшылардың, дені сау азаматтардың да бас миы бар. Зерттеуді салыстырмалы түрде жүргізу үшін арнайы алдыртқан. Дюффель ауруханасының ұжымы қажет болса қазақстандық дәрігерлермен тәжірибе алмасып, осы бағытта бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендерін жеткізді.
Нұрсұлу Қасым