Павлодарда оңалту орталығы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда оңалту орталығы ашылды

03.04.2023

Павлодарда аутизм және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларды оңалтуға арналған алғашқы мемлекеттік орталық ашылды. Әлеуметтік нысанда балаларға ғана емес, олардың отбасыларына да кешенді қолдау көрсетіледі.

Жаңа орталық 100-ден аса балаға қызмет көрсете алады. Нұргүл Темірбекова осында кенже ұлын әкелген. Ол бөгде адам түгілі, бауырларымен емен-еркін араласпайды. Сөйлеуге қиналады, көзге тура қарамай имене береді.

Нұргүл Темірбекова, қала тұрғыны:

Адамның эмоциясын бұла мүлдем түсінбейді. Сіз оған ұрсып тұрған сияқты боласыз. Даусынызды шығарып айтсаңыз. Сондықтан бізге осындай мамандардың көмегі керек. Балаларды бұл жағдайға кішкене болсын үйрету үшін.

Бұл музыкалық терапия. Бұдан басқа орталықта эрготерапия, кинезиотерапия, емдік дене шынықтыру сынды аутизмді емдеудің заманауи әдістері қолданылады. Басты бағыттардың бірі - баланың бойындағы қорқынышты сейілтіп, күнделікті өмірге бейімдеу.

Ақтоты Ерғанатқызы, әдіскер:

Ата-анасыз, көмекшісіз өздері тамақ істеп, тамақ жылыту дегенді білмейді. Біздің орталықта осындай бөлме ашып, соған балаларды бейімдеу. Тамағын өзі күнделікті жылытып ішу үшін, шайды дұрыс қою үшін дегендей. Ол біріншіден балаға көмек, екіншіден ата-анасына үлкен жеңілдік болады.

Аутизм толық зерттелмеген дерт. Нақты пайда болу себебі белгісіз. Жаңа орталықта 60 тан аса маман жұмыс істейді. Олар арнайы курстарға барып, шетелде дайындықтан өткен.

Жаңагүл Ділжанова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің департамент басшысы:

Кеше тек қана Шымкентте ашылды. Бүгін Павлодарда ашылып отыр. Осы жылдың аяғына дейін тағы 6-ы ашылады. Сонымен бізде барлығы 8 осындай оңалту орталықтары аутизмге шалдыққан балаларға ашылатын болады.

Павлодарда 300-ге тарта бала аутизм диагнозымен тіркеуде тұр. Бұл орталық оларды жүйелі түрде емдеп, ой-өрісінің дамуына септігін тигізеді дейді мамандар.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу