Алматыда жыл басынан мопед пен скутерлермен 200-ге жуық жол апаты болған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда жыл басынан мопед пен скутерлермен 200-ге жуық жол апаты болған

03.04.2023

Ендігіде жердегі көлікке де талап қатаң. Алматыда жыл басынан мопед пен скутерлер 200-ге жуық жол апатын жасап, 200-ге жуық адам жарақат алған. Көліктің бұл түріне талап күшеймек. Ол үшін арнайы база әзірленіп, мопед иелерінің тізімі жасалады. Олардың қимыл әрекеті «Сергек» камералары арқылы бақыланады.

Аделина Ысқақова жаяу жүргіншілер жолында жүріп, жарақат алған. Бойжеткеннің сөзінше, былтыр оны мопед қағып кеткен. Енді заң қатаятынын естіп, дұрыс шешім болды дейді.

Аделина Ысқақова, қала тұрғыны:
Содан бері менде жаяу жүргіншілер жолында жүрген кезде мопедтердің дауысын естігенде кәдімгідей қорқыныш пайда болады. Кішігірім фобия пайда болды деп айтсам болады содан бері. Соларға заң қабылданып, кәдімгідей жүргізушілерге салынатындай айыппұл салынып, тиісті заң қабылданғаны дұрыс деп ойлаймын.
Мегаполис көшелерінде мопед пен скутерде жүретіндердің басым бөлігі тамақ жеткізетіндер. Олар діттеген жеріне уақытылы жету үшін кейде жол ережесін бұзатынын мойындайды.

Елдар Бақтығалиев, скутер жүргізушісі:
Мәжбүр боламыз ғой. Бірақ, енді бет алды жол ережесін бұза бермейміз. Өйткені, адамдар бар тротуарда. Біздің күн көрісіміз осы ғой.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Мәселен, Абай даңғылында тротуар екіге бөлінген. Бір жағы жаяу жүргіншілерге, екінші бөлігі самокат және велосипед жүргізушілеріне арналған. Ал, мопед немесе скутер тізгіндегендер осы сынды тротуарлардың екі жағымен де жүре береді. Тұрғындардың айтуынша, олар осылайша адам өміріне қауіп төндіреді.
Жыл басынан Алматыда мопед және скутер жүргізушілерінің қатысуымен 199 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 198 адам дене жарақатын алып, бір адам көз жұмған. Мегаполис көшелерінде автомобильдер мен скутерлер жиі соқтығысады. Оқыс оқиғаға біз де куә болдық.

Радик Усманов, жүргізуші:
Қайдан келгенін аңғармай қалдым. Екеуіміз соқтығыстық та қалдық. Жолаушы тасу үшін көлікті жалға алғанмын.
Қаладағы ірі тамақ жеткізу компаниясының сөзінше, курьерлерді жұмысқа алмас бұрын оларға жол жүру ережелерін жіті түсіндіріледі. Десе де, бұдан айтарлықтай нәтиже болмай отырғанын да жасырмайды.

Тамақ жеткізу компаниясының өкілі:
Біз түрлі көлік түрлерімен қатынайтын 5000-нан астам курьермен серіктестік аясында жұмыс істейміз. Сондықтан компания жолдардағы қауіпсіздік жағдайын жіті қадағалайды. Барлық маман қауіпсіздік бойынша ұдайы жаттығуларға қатысып отырады. Дегенмен, жол-көлік оқиғасы тіркеліп жататыны рас.
Ал, полиция департаменті жол жүру ежесін елемейтіндермен күресудің өзгеше тәсілін қолданбақ.

Еркін Өтегенов, қалалық пд баспасөз қызметінің өкілі:
Мопед қолданатын компаниялардың базасы мен «Сергек» базасына интеграция жасап, сол кезде нақты білеміз қай жүргізуші қайдан шығып, қайда бара жатқанын және қаншалықты жол ережесін бұзғанын. Қазіргі таңда енді жеке құрам жол ережесін бұзған жағдайда міндетті түрде шара қолданады. Мопед айып тұрағына қойылады.
Яғни,жоба бойынша арнайы база әзірленіп, мопед тізгіндейтіндердің тізімі жасалады. Сондай-ақ оларға мемлекеттік нөмір беріледі. Тиісінше, жаяу жүргіншілер жолына шығып, бағдаршам ережесін елемейтіндер көлік жүргізушілерімен бірдей айппұл төлейді.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу