Он екі мүшенің кемдігі еңбек етемін деген адамға кедергі емес – Надыр Ярмугамедов - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Он екі мүшенің кемдігі еңбек етемін деген адамға кедергі емес – Надыр Ярмугамедов

01.04.2023

Он екі мүшенің кемдігі еңбек етемін деген адамға кедергі емес. Түркістан облысы Сарыағаш қаласында тұратын Надыр Ярмугамедов қоларбаға таңылғанына қарамай мемлекеттік қызметте жұмыс істейді. Одан бос кезде қолөнермен айналысады. Ағаштан түрлі кәдесый мен балаларға ойыншықтар жасайды.

Надыр кезінде хобби болған қолөнерді қазір кәсіпке айналдырған. Мемлекеттен алған грант қаржыға ағаш пен пластмассаны ойып, кесетін арнайы станок сатып алды. Соның көмегімен түрлі кәдесый және салтанатты думандарға тойбастар бұйымдарын жасайды. Инстаграм желісі арқылы тапсырыс қабылдап, жасағандарын да сол арқылы сатып жүр. Енді қазақы нақыштағы ойыншықтар мен әр аймақтың туристік әлеуетін танытатын кәдесый жасауды қолға алмақ.

Қолы шебер жігіт шахмат пен дойбы да ойнайды. Одан қалса музыкамен де айналысады. Бір аяғы 11 жасында семіп қалған Надыр әкімдікке қарасты әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту бөлімінде жұмыс істейді. Өнерге құмар жан мүмкіндігі шектеулі болғанына қарамастан мұқтаждықпен келген азаматтарға көмектесуге әрдайым әзір.


Хабарламаларға жазылу