Басты Жаңалықтар Түркістан облысы Сарыағаш ауданының диқандары биыл 2 мың гектарға жуық егіс алқабынан үш рет өнім жиып алмақ

Түркістан облысы Сарыағаш ауданының диқандары биыл 2 мың гектарға жуық егіс алқабынан үш рет өнім жиып алмақ

Жердің бабы мен күн райының қолайлы кезеңін үйлестіре білген Түркістан облысы Сарыағаш ауданының диқандар биыл 2 мың гектарға жуық егіс алқабынан үш рет өнім жиып алмақ. Аймақта егін егу жұмыстары толық аяқталды. Ал жылыжай шаруашылығымен айналысатындар болса өнім жинауға кірісті.

Осыдан бір апта бұрын егілген қырықабат жылдам жетіліп келеді. Өйткені жердің ылғалы жеткілікті. Күн райы да қолайлы. Диқандар алғашқы егін ретінде әдейін қырықабатты отырғызды. Өйткені ол ерте көктемдегі суықа төзімді. Әрі өнімі тез піседі. Оны жиып алған соң тағы екі рет дақыл егіп алуға мүмкіндік мол.

Сейілхан Мараханов, диқан:

Биыл ауа-райы жақсы келді. Жуық жоқ биыл. Жаңбыр жақсы жауды. Жер тойған. Қазір міне селитра көміп жатырмыз. Мұнан соң ішін айдаймыз.

Сарыағаш ауданы бойынша биыл 10 мың гектар алқапқа көкөніс егілді. Жаңашыл әрі тиімді тәсілдің арқасында биыл 500 мың тоннадан астам өнім жиналмақ. Оның үштен екісі еліміздің солтүстігі мен Ресейге саудаланады.

Диқандардың дені егінді күтіп баптауға кірісіп жатқанда жылыжай шаруашылығындағылар қияр мен қызанақ жинауда. Биылғы қыс олар үшін аса қиын болды. Өңірде бұрын соңды болмаған аяз бен көмір тапшылығы шаруаның тірлігін шатқаяқтатып жіберді. Оның үстіне жылыжай шаруашылығы мемлекет тарапынан қаржылай қолдау таппай келеді.

Қайрат Жаппар, диқан:

Субсидия өте қажет.Әйтпесе мұның шығыны өте көп. Сондықтан көптеген жылыжайлар шығыны көптіктен екпей қойып жатыр, сатылып жатыр. Мемлекеттен қолдау болса халық бұл саланы дұрыс қолға алады.

Аймақта 700 гектар жылыжай бар. Олардың қазіргі жай-күйін сараптау үшін стандарттау ісі жүргізілуде.

Әлайдар Әмірханов, Сарыағаш ауданы әкімдігі Ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы:

Соған байланысты арнайы мамандар келіп, қандай материалдардан жасалған, қандай көлемде, қалай жасалған? Соның бәрін анықтап кетті. Енді жоспар бойынша биылғы жылы жылыжайларға гектарына субсидия беру мәселесі шешілетін болады.

Сарыағашта 300-ге тарта шаруа қожалығы бар. Көктемгі егіс науқаны үшін оларға арзан бағамен 410 мың тонна дизель отыны бөлінді. Жағар майды белгіленген операторлар арқылы диқандарға жетікізу ісі басталды.

Ғани Қалмахан

Бөлісу