Түркістан облысының Шардара қаласында 30-ға жуық шаруашылықтың бал аралары қырылып қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысының Шардара қаласында 30-ға жуық шаруашылықтың бал аралары қырылып қалды

30.03.2023

Түркістан облысының Шардара қаласында 30-ға жуық шаруашылықтың бал аралары бір күнде қырылып қалды. Омарташылар мұның себебін түрлі зиянкестер мен кенелерге қарсы жүргізілген залалсыздандыру жұмыстарынан көріп отыр. Бірақ, дәрі шашуға тапсырыс бергендер өздеріне тағылған айыппен келіспейді.

Игорь Бовкунның бал аралары бір күнде қырылып, омарталарының жартысынан көбі босап қалған. Ол қазірдің өзінде 4-5 млн теңге шығынға батқанын айтып отыр. Мұндай қиын жағдайға басқа омарташылар да тап болған.

Евгения Катигробова, омарташы:

Міне, аралар қырылып жатыр. Тірі қалғандарының өзі әлсіз. Аман қалған аралар да уланып, енді ауыруға ұшырайтыны сөзсіз. 2018 жылы да осылай ескертпей улаған еді.

30-ға жуық омарташы жалпы сомасы 100 млн теңгеге зардап шектік деп отыр. Өйткені, биыл жинауды жоспарлаған өнімнен айырылды. Онымен қоса, жаңа ара ұяшықтарын сатып алуға да қаржы керек. Ал дәрі себуге тапсырыс берген мекеме аралардың қырылып қалуына еш қатысымыз жоқ деп отыр. Залалсыздандыру жұмыстары жүргізілетіні туралы жергілікті әкімдіктер мен әлеуметтік желілер арқылы хабарлама таратылған дейді.

Бақтыораз Елемесов, Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

Сол поршокты жерден алса әрине ол әсер етеді. Тіптен біздің дезинфекция атқармаған, тіптен алыс саяжайларда аралар өліп жатыр деген хабар келді. Ол аралардың өздерінің арасында да эпидемия жүруі мүмкін әртүрлі себептерден. Сол себепті бұны әрі қарай әрине зерделеу керек.

Қиын жағдайда қалған омарташылар болса бірігіп, шығындарын заңды түрде өндіріп алуға бел буып отыр.

Төрехан Нармұхаммедов, Облыстық омарташылар қауымдастығының төрағасы:

Енді олар құжат, қағаздарын жинап, арыз жазып жатыр прокуратураға. Одан кейін сотқа берейін деп жатыр. Түркістан облысының әкімдігіне, одан кейін сельхоз басқарқармаға, министрлікке.

Қазір омарташылар аман қалған араларын жаппай Қызылқұмның даласына көшіріп жатыр. Ол жақта жәндіктерге азық аз болса да, қолдан келгенше тырысып, кәсіптерін сақтап қалуға барын салмақ.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу