Мәжіліс депутаттары: Үкіметтің құрамы толықтай жаңаруы қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжіліс депутаттары: Үкіметтің құрамы толықтай жаңаруы қажет

30.03.2023
Мәжіліс депутаттары: Үкіметтің құрамы толықтай жаңаруы қажет

Әлихан Смайылов Премьер-Министр болып қайта тағайындалғанымен, Үкіметтің құрамы толықтай жаңаруы қажет. Мәжіліс депутаттарының көбі  осындай пікірде. Кандидат ұсыну сайлауда басым дауыс жинаған «Аманат» партиясына жүктелгендіктен, фракция мүшелері жаңа Үкіметтің жұмысын жіті бақылауға аламыз деп отыр. Министрлер кабинеті қабылдаған әрбір шешімнің бұдан былай сұрауы болады дейді. Қажет болса, қатаң шара қабылдайтынын ескертті.

Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Олқы тұстары болса, шұқып көрсететін боламыз. Және министрлер халықтың мүддесінен, халық мүддесінен шығатын мәселелерді көтермейтін болса, жеке мәселелер халық қарсылық тудыратын мәселер көтеретін болса, фракциядан міндетті түрде қарсылығымызды білдіреміз.

Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Премьер-Министрдің өзі ауыспаса да, премьер-министрдің кабинеті сапалы түрде қайта жасақталып шығуы керек деп есептеймін. Ол жұмыспен де өзіміз айналысатын боламыз. Яғни, әрбір министрге комитеттер өздерінің келісімдерін беретін болады.

Нұрлан Әуесбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Жаңаруы керек. Түбегейлі жаңаруы керек. Біздің анау әбден былыққа батқан жүйені тазаламай, біз алға ешқандай жылжымаймыз. Оны ашық айтуымыз керек.

Президент жиі сынға алатын энергетика саласын басқарған Болат Ақшолақов жаңа Үкіметтің құрамынан табыла ма, жоқ па әзірге өзіне де беймәлім. Министр болған тұста қолға алған біраз бастаманы аяғына дейін жеткізе алар ма екенмін дейді өзі.

Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрінің м.а:

Реформа деген бір күндік жұмыс емес. Бір жылдың да жұмысы емес. Оған тиісті маңызды шешімдер қабылдау керек. Оларды асығыстықпен жасамай, жан-жақтан талқылап, нақты бір нәтижеге жету керек. Ол үшін уақыт керек, әрине.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу