Маңғыстауда Сенек ауылын құм басып қалуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстауда Сенек ауылын құм басып қалуы мүмкін

29.03.2023

Маңғыстау облысындағы Сенек ауылын қайтадан құм басуы мүмкін. Себебі, елдімекенде құм көшкінінің алдын-алу жұмыстары тоқтап қалған. Ал егілген сексеуілдер соңғы жылдардағы қуаңшылықтың салдарынан бойлап, өсіп кете алмай тұр дейді,-тұрғындар. Сондықтан шағыл құм жел тұрса көшіп, ауыл халқын алаңдатып отыр.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Сенек-облыс орталығынан 210 шақырымда орналасқан ауыл. Мұнда 1800-ге жуық тұрғын бар. Елдімекенде осы құмнан басқа мәселе жоқ деуге болады. Себебі, тұрмысқа қажеттінің бәрі бар. Ал құмның көшуі бәсеңдеген, алайда сексеуіл егу тоқтап қалды. Сондықтан ауылға қайтадан қауіп төніп тұр.

Тау болып үйілген шағыл құм мен Разғали Құлпыбаевтың үйін ортада егілген сексеуілдер ғана бөліп тұр. Өсімдіктер болмағанда қара шаңырақ әлдеқашан құмның астында қалуы мүмкін еді. Сондықтан сексеуіл егуді тоқтатуға болмайды, дейді тұрғындар. Өйткені, жел тұрса құм қозғалып, бір жағына қарай ығыса береді.

Разғали Құлпыбаев, Сенек ауылының тұрғыны:

Енді осыны қолға алмаса, мынау енді елдің тіпті шынын айтқанда көшіп кету қаупі бар. Себебі, міне құм мына үйге басып кетеді. Мынау енді кеше 3-4 айдан бері аяқсыз қалғанның белгісін беріп тұр. Міне мыналар құлап жатыр. қанша дегенмен айуын кейде мал кіріп кетеді.

Елдімекенде құм көшкінін тоқтату жұмыстары 2004 жылы басталып, былтыр аяқталған. Барлығы 1288 гектар аумаққа сексеуіл мен жүзгеннің бірнеше түрі егіліп, аумақ қоршалды. Нәтижесінде құмнан келетін қауіп сейілген. Бірақ, кезінде өсімдіктерді құмның етегінде тұрақтандыру мүмкін болмай, тегіс жерлерге егіліпті. Оның үстіне өсімдіктерді төрт түлік жеп қоймай отыр.

Есен Қошақанов, орман күзетшісі:

Тұрақты күтім керек, күш керек. Техника керек. Жұмысшыларды көбейту керек. Біз енді қазір тек күзетші есебінде жүрміз. Мына шарбақтарды бұзып кетеді. Мал ғой енді далада шөп жоқ. Мынаны көргесін жегісі келеді. Сенікі менікі деген жоқ қой малда. Сосын мына шарбаққа ұмтылады, бұзады.

Сексеуіл егілген аумақты 3 адам күзетеді. Бүлінген шарбақты жөндейтін де солар. Бірақ, қолдарында бірде-бір техника, құрал сайманы жоқ. Құзырлы мемлекеттік мекеменің өкілі, алдағы уақытта жұмысшылардың саны артатынын жеткізді. Себебі, құм көшкінімен күрес жалғасады.

Ербол Денов, облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

Қазіргі бағынышты мекемесіз Бейнеу орман шаруашылығы бюджеттік өтінімдерді ұсынды. Алдағы мәслихат сессиясында қаралатын болады. егер қолдаған жағдайда жұмыстар жалғаса береді. Ол енді қауіпті ғой енді сексеуіл өсіп келе жатқасын тоқтату ол өте қиын жұмыс. Бірақ нәтиже бар.

Елдімекенде құм көшкіні жарты ғасыр бұрын басталған. Салдарынан ауылдағы бейіттер, ескі мектеп мен бірнеше үй құм астында қалды.

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу