Бүгін жаңадан сайланған Мәжіліс депутаттарының алғашқы жұмыс күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін жаңадан сайланған Мәжіліс депутаттарының алғашқы жұмыс күні

29.03.2023

Бүгін жаңадан сайланған Мәжіліс депуттарының алғашқы жұмыс күні. Президенттің қатысуымен өткен Парламенттің кеңейтілген отырысынан кейін 98 депутат Мәжіліс залына өтіп, «елге адал қызмет етемін» деп ант берді. Төраға етіп қайтадан Ерлан Қошановты сайлады.

Депутат болғанын ести сала Астанаға ағылған ескі де жаңа мәжілісмендер бүгін жұмысқа кірісті. Бірін-бірі жаңа қызметпен құттықтап, мәре-сәре болып жатты.

Депутаттар өткен шақырылымдағы әріптестерінің күйін кешкісі келмесе керек, ант беру рәсіміне тыңғылықты дайындалыпты.

Ал Мәжіліс спикері болуға «аманаттың» атынан жалғыз Ерлан Қошановтың кандидатурасы ұсынылды. Төрағаны жабық дауыспен сайлау үшін санақ комиссиясы құрылып, 98 депутат бірауыздан Ерлан Қошановты қолдады.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Халықтың алдында, өӨздеріңіздің алдарыңызда үлкен жауапкершілік. Реформаларды іске асыру үшін бар күш жігерімді, тәжірибемді саламын.

Депутаттар әр сәрсенбі сайын өтетін Мәжіліс залына партиялық тізіммен емес, аты-жөнінің әліпбидегі реттілімен жайғасты. Оларды тәжірибесіне қарай 5 комитетке бөлді. Парламенттегі бүгінгі абыр-сабыр мұнымен біткен жоқ. Құжаттарын құшақтаған депутаттар кабинеттеріне жайғасты.

Динара Наумованың да бүгінгі күні қауырт. Көмекшісімен танысып, кабинетіне көшіп жүр. Депутат Парламент төрінде мүмкіндігі шектеулі жандардың көбейгеніне қуанышты. Енді ерекше жандарды алаңдатқан бірқатар мәселе шешілетініне сенімді.

Динара Наумова, Қр Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Өзім сал ауруымен дүниеге келгендіктен, бұл жандарды не толғандыратынын жақсы білемін.

Соңғы 3 жарым жыл министр болған Асхат Аймағамбетов те енді депутат. Оның білім саласын басқарған тұста дайындап қойған бірнеше заң жобасы бар екен.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Осы заң жобаларын бірінші кезекте қол қойып, әрі қарай Үкіметке қарастыруға бірге жұмыс істеуге жіберіп, осы жұмыстіы бір дегенде бастап кетуге мүмкіндік бар.

Жарты жыл бұрын президент болуға таласқан 3 бірдей кандидат та енді Мәжіліс төрінде. Нұрлан Әуесбаев бұрынғы қарсыласы Жигули Дайрабаев және Қарақат Әбденмен қоянқолтық жұмыс істеуге дайын.

Нұрлан Әуесбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Енді елдің мүддесі үшін жұмыс істеуіміз керек. Не керек бірінші кезекте? Жұмыс жасаймыз. Ал егер сол халықтың мүддесіне сәйкес келмесе, қарсылас боламыз.

Ермұрат Бәпи де Мәжілістің келесі отырыстары тартысты болады дейді. Халық тілегі орындалмаса, отырыс залындағы ыдысты сындыруға дайынмын деп отыр.

Ермұрат Бәпи ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Егер ұлттық мүдде тұрғысында қазақтың намысына тиетін нәрсе болып жатса, стакан тұрмақ стол ұшып кетуі мүмкін.

Айя Мүтәлі, тілші:

Биыл мәжілістегілердің саны - 98. 25 депутат екі ай бос тұрған былғары креслосына қайта оралды. Депутаттар бүгіннен бастап қызметтік пәтеріне көшеді, кабинеттеріне жайғасады. Заң шығарушы органның жаңа құрамында 17 мұғалім, 16 экономист, 15 заңгер бар. Сондай-ақ бірнеше журналист пен ақын, спортшыға да орын бұйырған.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу